Қазақстан даласында әлемдегі ең сирек жабайы жылқының екінші құлыны дүниеге келді

12:47, 31 тамыз 2026
MKZ: 1564351

© Сурет: Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстан даласында кертағының (Пржевальский жылқысы) екінші құлыны дүниеге келді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 31 тамызда Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді.

"Қазақстанда кертағының екінші құлыны дүниеге келді. Бұл жолы Умбра есімді бие құлындады. Бұл – кертағыны тарихи мекеніне қайтару жөніндегі халықаралық бағдарлама аясында Қазақстанда туған екінші құлын", – делінген хабарламада.

Алғашқы құлын 22 тамызда "Алтын дала" мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы "Әліби" жабайы тұяқты жануарларды реинтродукциялау орталығында дүниеге келген.

Қазір Умбра құлынымен бірге жүр. Мамандар олардың жағдайы мен мінез-құлқын бақылап отыр.

Министрлік мамандарының айтуынша, екінші құлынның дүниеге келуі Қазақстанға жеткізілген кертағылардың дала жағдайына бейімделіп, табиғи жолмен көбейе бастағанын көрсетеді.

Бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі – табиғи ортада өздігінен тіршілік етіп, көбейе алатын тұрақты популяция қалыптастыру.

Қазақстанға кертағыларды қайтару жұмыстары 2024 жылы басталды. Сол жылы Еуропадан жеті жануар жеткізілді. 2025 жылы тағы жеті, ал 2026 жылы сегіз кертағы әкелінді.

"Кертағы – Еуразияда сақталған жабайы жылқының соңғы түрі. XX ғасырда ол жабайы табиғаттан жойылып кетті. Алайда хайуанаттар бағында қолдан көбейтудің арқасында бұл түрді сақтап қалу мүмкін болды. Кейін кертағылар тарихи мекендеріне қайта жіберіле бастады. Қазақстан бүгінде осы бағытта жұмыс жүргізіп жатқан елдердің бірі", – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Жоба Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Прага хайуанаттар бағы, Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы, Франкфурт зоологиялық қоғамы, Нюрнберг хайуанаттар бағы, Берлин Тирпаркі және "Хортобадь" ұлттық паркінің ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Жобаға Лейбниц атындағы хайуанаттар бағы мен жабайы табиғатты зерттеу институты ғылыми және ветеринарлық қолдау көрсетеді.

Бұған дейін, 2026 жылғы 15 шілдеде Алматы хайуанаттар бағындағы Құрбанқұл есімді Пржевальский жылқысының құлындағаны хабарланған еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!