Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД волонтерлерінің алғашқы форумына қатысушыларды құттықтады

12:17, 20 тамыз 2026
MKZ: 1562288

© Сурет: ТМД волонтерлер форумы

Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының алғашқы волонтерлер форумы басталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Форум Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімімен құрылды. Ол Достастық елдері арасындағы волонтерлік бастамаларды біріктіру және тәжірибе алмасу үшін жыл сайын өткізілетін тұрақты алаңға айналмақ.

Форумның салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, БҰҰ Волонтерлер бағдарламасының атқарушы директоры Тойли Курбанов, АӨСШК Бас хатшысы Сарыбай Қайрат, ТМД Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Сейітімов, сондай-ақ волонтерлік ұйымдардың өкілдері мен ТМД елдерінің делегациялары қатысты.

ТМД волонтерлер форумы, Аида Балаева, сурет - Zakon.kz жаңалық 20.08.2026 12:17

Сурет: ТМД волонтерлер форумы

Форумның ашылуы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқудан басталды. Мемлекет басшысының үндеуін Аида Балаева жеткізді.

"Осы маңызды басқосудың Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанның ұсынысымен жариялаған Халықаралық волонтерлер жылында өтуінің мәні ерекше. Бұл волонтерлердің әлеуметтік, гуманитарлық және экологиялық мәселелерді шешудегі орасан еңбегінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын көрінісі.

Қазақстан осы форумды өткізуді ұсына отырып, ТМД елдерінің волонтерлері тұрақты түрде тәжірибе алмасып, ортақ бастамаларын халықаралық деңгейде бірлесе ілгерілететін алаң құруды мақсат етті. Біз үшін достықты нығайтып, ынтымақ, мейірімділік пен жанашырлық сияқты ізгі құндылықтарды қоғамға терең сіңіру айрықша маңызды.

Қазақстанда волонтерлік адам әлеуетін дамытуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және қоғамда жанашырлыққа негізделген жаңа қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда еліміздің тарихында алғаш рет волонтерлік қызметті мемлекеттік қолдау ең жоғары құқықтық деңгейде бекітілді.

Еріктілердің ізгі ниеті мен риясыз еңбегі – адамдарға жігер беріп, қоғамды жақсы жаққа өзгертетін қуатты күш. Бұған жалпыұлттық "Таза Қазақстан" қозғалысы айқын мысал бола алады. Бұл игі бастама аз уақыттың ішінде көптеген азаматты, әсіресе белсенді жастарды ортақ іске жұмылдырды. Жалпы, Еріктілер жылы аясында мыңдаған іс-шара өткізілді. Бүгінде еліміздегі волонтерлер саны 300 мыңға жуықтады.

Осы форум елдеріміздің гуманитарлық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға, адамдар арасындағы байланысты, өзара сенім мен тату көршілікті нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенемін. Біздің басты мақсатымыз – Достастықты жасампаздық пен өрлеу, бірлік пен өзара түсіністік салтанат құрған ортақ кеңістікке айналдыру.

Барша волонтерге айналасына бейжай қарамай, әрдайым көмек қолын созуға және әлемді жақсы жаққа өзгертуге ұмтылып жүргені үшін шынайы алғысымды білдіремін.

Форум жұмысына сәттілік, бірлескен бастамаларға табыс тілеймін!" – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!