«Әйел өз үйінде қорқып өмір сүрмеуі керек». ҚМДБ отбасылық зорлық-зомбылықты айыптап, мәлімдеме жасады

20:56, 19 тамыз 2026
MKZ: 1562199

© Сурет: pixabay

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы отбасылық зорлық-зомбылықты айыптап, мәлімдеме жасады. Әсіресе, отбасында әйел адамның жәбір көріп, қорлыққа ұшырауына байланысты. Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бас мүфтидің айтуынша, әйел – бір шаңырақтың шырағы, біреудің аялап өсірген қызы, біреудің асыл анасы, біреудің сүйікті жары. Ол жаңа түскен шаңырағына қорғаныш пен жылулық іздеп келеді. Сондықтан ер азаматтың міндеті – оған қорқыныш емес, қамқорлық сыйлау.

"Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы болғандарың" деген. Осы бір өсиеттің өзінде үлкен мән бар. Ер адамның күші жұдырығында емес. Нағыз күш – ашуға ерік бермей, сабыр сақтай білуде. Жаныңдағы жанды жылатпай, керісінше оған сүйеніш болуда. Ашу басылады. Ұрыс та ұмытылады. Бірақ ашумен көтерілген қол мен айтылған ауыр сөз адамның жүрегінде ұзақ уақытқа із қалдыруы мүмкін. Кейде сол бір сәттік ашудың өкініші өмір бойына жетеді", деп жазады Наурызбай Тағанұлы.

Ол отбасы адам өзін ең қауіпсіз сезінетін мекен болуы керектігін, әйел өз үйінде қорқып емес, қадірленіп өмір сүруге тиіс екенін айтады.

"Қыз баласын аялап өсіріп, ақ босағадан үлкен үмітпен шығарып салған әрбір әке мен ананың тілегі біреу – "Барған жерінде бақытты болсын". Сол аманатқа қиянат жасамайық. Әйелді жылату – азаматтық емес. Әйелге қорған болу – ердің міндеті", деп сөзін түйіндейді Бас мүфти.

Бұған дейін Алматыда отбасылық жанжалдың арты қайғылы жағдайға ұласқанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!