Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылу себебін түсіндірді
© Сурет: akorda.kz
Дипломатияда дұрыс емес шешімнің салдары соншалық ауыр болады, ол мемлекеттің ұзақ мерзімді мүддесіне қайтымсыз зиян келтіруі мүмкін. Бұл туралы Президент V Ұлттық Кұрылтайдың отырысында айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Авраам келісімдерінің мәнін түсіндіру барысында оның атауына назар аудару қажет екенін айтты.
"Авраам, яғни Ибраһим дін тарихында иудаизм, христиан және ислам діндеріне ортақ пайғамбар болып есептеледі. Еліміз бүкіл адамзатты біріктіретін құндылықтарға арқа сүйеуге тиіс. Біз түрлі халықтар мен дін өкілдері арасында татулық пен келісімнің орнауын қалаймыз. Сол себепті осы келісімге қосылуымыздың маңызы ерекше, бұл шешім еліміздің халықаралық беделіне оң серпін береді", – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясаттағы орнына тоқталды.
"Қазақстан – жауапкершілігі жоғары орта деңгейлі мемлекет және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі аса ірі мемлекет. Біз баршаға түсінікті, ақылға қонымды және әділ саясатты қолдаймыз, осы ұстанымды әрдайым сақтаймыз. Сыртқы саясаттағы іс-әрекетіміздің бәрі бір ғана мақсатты көздейді – Қазақстанның аумақтық тұтастығы, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз ету", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Тәуелсіздіктің маңыздылығына тоқталып, ел бірлігін сақтау міндетін атап өтті.
"Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде мен үшін Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Бұл – мерейтой кезіндегі ұран емес, қазіргі дүрбелеңге толы заманда ұлттық стратегиямыздың негізгі қағидасы. Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім. Біз ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты мақсат етуіміз қажет. Осы мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, парасатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын айтқанын қайталап, елдің психологиялық тұстарын да атап өтті.
"Бұрын да айтқам, қазір де атап өткім келеді: біз тарихи жарақат алған ұлт психологиясынан біржола арылуымыз керек. Басқа түскен қайғы-қасіреттің бәрін басқа халықтардан көру, ұлтымыздың маңдайына жазылған ащы тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу – кешегі күнмен өмір сүру деген сөз. Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді. Біз – болашағы жарқын, жолы ашық жас мемлекетпіз, сондықтан уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруіміз керек", – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, 2025 жылғы 5–6 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа ресми сапармен барып, АҚШ Президентімен кездесті. Сол кездесуде Дональд Трамп Қазақстанға баруға қарсы еместігін білдірген.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
15:45, 20 қаңтар 2026
20 қаңтарда доллар бағамы тағы төмендеді
-
15:39, 20 қаңтар 2026
Алматыда ірі заңсыз нысан сот шешімімен бұзылып жатыр
-
15:26, 20 қаңтар 2026
Тоқаев жаңа Салық кодексін түзету қажеттігін айтты
-
15:18, 20 қаңтар 2026
Көмір энергетикасы саласында маңызды жобаларды іске қосу қажет – Тоқаев
-
15:04, 20 қаңтар 2026
Ұлттық Құрылтайда президент жемқорлыққа қарсы шаралар туралы айтты





