Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық алаяқтыққа қарсы жаңа тәсілдерді әзірлеуді тапсырды

14:50, 28 қаңтар 2026

© Фото: pixabay

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімді жаңа тәсілдерін ойластыру қажеттігін атап өтті.

Бұл туралы президент 2026 жылдың 27 қаңтарында Агенттік қызметіне қатысты жиында айтты.

"Агенттік қаржы пирамидаларымен белсенді күрес жүргізіп жатыр. Тек былтырдың өзінде 140-тан астам қылмыстық іс тергеліп, жарты миллионнан аса адамның қаржысын тартпақшы болған 15 мың сайт пен 123 чат жабылды", – деді Президент.

Алайда, оның сөзінше, қабылданып жатқан шаралар мен түсіндіру жұмыстары жағдайды түбегейлі өзгерте алмай отыр.

"Әйтсе де оң үрдіс бар. Неге? Өйткені алаяқтар пирамиданы түрлі қаржы құралдары сияқты ұсынады. Ал азаматтар олардың арбауына түсіп, бар тапқан-таянғанынан айырылып қалып жатыр. Сондықтан қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын әзірлеп, проблеманың түп тамырын анықтаған жөн", – деді Тоқаев.

Президент пирамида қатысушыларына құқықтық жауапкершілікті күшейту керектігін де айтты.

"Өз әрекетінің заңсыз екенін біле тұра, адамдарды түрлі алаяқтық схемаларға тартатын пирамида қатысушыларына құқықтық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыру қажет. Мұндай алаяқтарды немесе қымсынбай қылмысқа баратын жандарды түрмеге қамап, қылмыстық жазаға тарту керек. Егер Қаржылық мониторинг агенттігі, Үкімет осындай түзетулерді ұсынса, мен қолдаймын", – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев шаралар қабылдамаған жағдайда жағдайдың өзгермейтінін ескертті.

"Мәселені қарастырыңыздар. Осы тектес батыл шешімдер қабылдамасақ, ахуалдың оңала қоюы екіталай. "Баяғы жартас – сол жартас" күйінде қала береді", – деп түйіндеді Президент.

Бұған дейін ҚМА-да үш жаңа генерал шені пайда болатыны жайында жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!