Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ-тың ағартушылық миссиясын атап өтті

14:02, 25 маусым 2026

© Сурет: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ қызметкерлерін марапаттау рәсімінде журналистердің қоғамдағы ағартушылық рөліне ерекше тоқталды.

Президенттің айтуынша, сән-салтанатты өмір салты мен "жеңіл ақша" культін насихаттау жастардың дүниетанымы мен өмірлік құндылықтарына теріс әсер етеді.

"Жастар медиакеңістіктен ысырапшылдық пен мәнсіз ырду-дырдуға толы алдамшы өмірді емес, керісінше, жасампаз еңбектің, адал табыстың және ішкі мәдениеттің үлгісін көруі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі журналистердің алдында екі маңызды міндет тұрғанын айтты. Оның сөзінше, БАҚ өкілдері бір жағынан қоғамдағы шындықты боямасыз көрсететін айна болса, екінші жағынан ұлтты өркениетке бастайтын ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы тиіс.

"Бүгінгі журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс: олар шындықты боямасыз көрсететін айна, сонымен қатар ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның заманауи әрі дамыған мемлекет құру жолында келе жатқанын, алайда бұл үдеріс ұлттық құндылықтардан бас тартуды білдірмейтінін атап өтті.

Президент жастардың дәстүрлі құндылықтарды терең түсінуі маңызды екенін айтып, қоғамда мәдениет пен әдеп нормаларын нығайту қажеттігіне назар аударды.

"Қазақ халқы әдептен аттамаған, әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Жақынына жанашыр болып, сүрінгенге сүйеу болған. Біздің шынайы болмысымыз – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы адамның ар-намысына нұқсан келтіретін және қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерге жол бермеу керектігін айтты. Сондай-ақ ұлттық дәстүрлерге негізделген өркениетті этикалық нормаларды қоғамда кеңінен орнықтыру маңызды екенін жеткізді.

Президент журналистердің ұлт сапасын арттыратын құндылықтарды насихаттаудағы рөлі ерекше екенін атап өтті.

"Қалам елді түзейді" деген сөз бекер айтылмаған. Ақпарат саласының қызметкерлері қашанда ұлт сапасын жақсартатын құндылықтарды дәріптеу ісіне белсене атсалысуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!