️Қасым-Жомарт Тоқаев: Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет
© Фото: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың тарихи маңызы оның аумағымен емес, тиімді мемлекеттік басқару жүйесімен өлшенетінін атап өтті. Бұл туралы Мемлекет басшысы халықаралық ғылыми жиында айтты.
Президенттің сөзінше, Жошы ұлысы дәуірінде құрылған мемлекеттік модель ұзақ уақыт бойы тұрақтылығымен ерекшеленген.
"Жошы ұлысының дәуірлеп тұрған кездегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды алып жатты. Тіпті, Рим империясының ең айбынды кезеңінде мұндай жер көлемі болмаған", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кейбір зерттеушілер Алтын Орданы "Дала Римі" деп атауының да тарихи негізі бар екенін айтты.
"Кейбір тарихшылардың пікірі бойынша, Алтын Орданың Дала Римі деп аталуы да – осыдан. Бірақ алып империяның қуаты жерінің көлемінде емес, оның институционалдық негізі, яғни, мемлекеттік басқару жүйесінің мықты болуында еді", – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, Жошы ұрпақтары бірнеше ғасыр бойы кең аумақта билік жүргізіп, тұрақты саяси жүйе қалыптастырған.
"Жошы ұрпақтары Хань немесе Габсбург династиялары секілді ғасырлар бойы, яғни, 600 жылдан астам уақыт Ұлы дала төсіндегі түрлі мемлекеттік құрылымдарға билік жүргізді", – деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл жүйе әртүрлі этнос пен дін өкілдерінің бейбіт өмір сүруіне мүмкіндік бергенін атап өтті.
"Бұл Жошы ханның ұрпақтары құрған мемлекет жүйесі тұрақты әрі өміршең болғанын көрсетеді. Соның арқасында әртүрлі этнос пен дін өкілдері тату-тәтті өмір сүрді", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Алтын Ордадағы құқықтық жүйенің ерекшелігіне де тоқталды. Оның айтуынша, Дала заңы мен ислам құқығы өзара үйлесім тапқан.
"Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қалыптасты", – деді Президент.
Сонымен қатар ол қоғамдық тәртіптің тарихи негіздеріне назар аударды.
"Ал қоғамдық тәртіп қағидатының бастауында Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс ханның "Ұлы жасақ" заңы тұрды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, сол кезеңдегі заң үстемдігі адамдар мен олардың мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.
"Заң үстемдік құрған алып империяның әр түкпірінде адамның және оның мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Бұл – қоғамдық тәртіп болды деген сөз", – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
15:40, 19 мамыр 2026
Тоқаев: Алтын Орданың экономикалық құрылымын жан-жақты зерттеген жөн
-
15:33, 19 мамыр 2026
Мемлекет басшысы Алтын Орда мәселесін зерделеу бойынша іргелі бастамаларды қолға алуды ұсынды
-
15:26, 19 мамыр 2026
Мемлекет басшысы зияткерлік мұраны зерделеу қажет екенін айтып берді
-
15:22, 19 мамыр 2026
Президент: Ата-бабадан қалған мұраны заманауи құндылықтармен және озық технологиямен ұштастыру маңызды
-
15:15, 19 мамыр 2026
Тоқаев жаңадан ензілген марапаттар жайлы мәлімдеме жасады





