Қаскелеңде босану кезінде еденге құлап кеткен нәресте бес күннен кейін шетінеп кетті

14:58, 22 маусым 2026

© Фото: unsplash

Алматы облысының Қаскелең қаласында қайғылы оқиға орын алды. Босану кезінде еденге құлап кеткен нәресте бес күннен кейін көз жұмды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқиға туралы 2026 жылғы 21 маусымда босанған әйелдің әпкесі Threads әлеуметтік желісінде жазды.

"Кеше бес күндік жиенімнен айырылдым. Нәресте босану кезінде құлап қалды. Себебі босанатын әйелді зембілмен емес, мүгедектер арбасымен алып бара жатқан. Соның салдарынан сәби жерге түсіп кеткен", – деп жазды ол.

Туысының айтуынша, әйелге кесарь тілігі жасалуы керек болған. Алайда сол күні толғағы кенеттен басталып кеткен.

"Оны босану бөлмесіне апара жатқан кезде толғағы күшейіп, әйел арбаның үстінде босанып қалған. Нәресте ана құрсағынан шығып, қозғалыс кезінде еденге құлаған", – деп түсіндірді ол пікірлердің бірінде.

Автордың сөзінше, оқиғадан кейін дәрігерлер нәрестенің жағдайы жақсы екенін айтып, оны анасының қасына қалдырған.

"Келесі күні сәби ембей қойды, тыныс алуы қиындады. Содан кейін оны шұғыл түрде басқа ауруханаға операция жасау үшін ауыстырды. Өкінішке қарай, нәресте аман қалмады. Басқа аурухананың дәрігерлері оның жарақатпен түскенін айтты. Ал қазір перзентхана өз жауапкершілігін мойындамай, кінәні босанған әйелдің өзіне артып отыр. Біз барлық құзырлы органдарға арызданамыз. Болашақ аналарға сақ болып, мұқият болуға кеңес беремін", – делінген жазбада.

Оқиғаға қатысты Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы пікір білдірді.

Медициналық мекеме мәліметінше, аталған жағдай бойынша көрсетілген медициналық көмектің сапасына ішкі аудит жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар шағымда көрсетілген деректерге байланысты қызметтік тексеру басталған.

"Қорытынды шешім ішкі тергеу нәтижелері, медициналық құжаттарға жүргізілген сараптамалық бағалау және уәкілетті сарапшы ұйымдардың қорытындылары негізінде қабылданады. Тексеру толық аяқталғаннан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады", – делінген аурухана таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы перинаталдық орталықта әйел мен оның сәбиінің өліміне қатысты тергеу басталғаны хабарланған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!