Алматыда алдағы жылу беру маусымына қалалық инфрақұрылымның дайындығы талқыланды

14:27, 22 маусым 2026

© Фото: freepik

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен алдағы жылу беру маусымына қалалық инфрақұрылымды дайындау мәселесі бойынша кеңес өтті.

Жиын барысында жылумен, электрмен, газбен және сумен жабдықтау нысандарының дайындығы, сондай-ақ тұрғын үй қоры мен әлеуметтік нысандардың алдағы қысқы кезеңге әзірлігі қаралды.

Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы өкілдерінің мәліметінше, қалалық шаруашылықтың жылу беру маусымына жалпы дайындығы 50,5%.

Барлық жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі таңда "АлЭС" АҚ нысандарының дайындығы – 52%, "АЖК" АҚ – 46%, "Алматы Су" МКК – 71%, "Алматыжылужайэнерго" ЖШС – 39%, "Алматы жылу жүйесі" ЖШС – 38%, газ желілерінің дайындығы 57% болады.

Тұрғын үй қорын дайындау жайына ерекше назар аударылды. Алматыда 9 861 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның 9 283-і орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қосылған. 22 маусымдағы жағдай бойынша 984 тұрғын үй дайындық актісін алған. Жылыту жүйелерін шаю және қысыммен тексеру, сондай-ақ үйішілік инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстар биылғы жылдың 10 қыркүйегіне дейін аяқталуға тиіс.

Сонымен қатар басқару органдары жоқ 230 көппәтерлі тұрғын үйдің жағдайы жеке қаралды. Оларды қысқы маусымға дайындау үшін аудан әкімдіктерімен бірлесіп жылыту жүйелерін шаю және қысыммен тексеру, сондай-ақ қажетті энергия үнемдеу шараларын жүргізу жоспарланған. Аталған жұмыстарды тамыз айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Кеңес барысында коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу және инвестициялық бағдарламаларды іске асыру барысы туралы есебі тыңдалды. Атап айтқанда, биыл 20 шақырым жылу желісін қайта жаңғырту, 379 шақырым электр желісін жаңғырту, сондай-ақ жалпы ұзындығы 60 шақырымнан асатын су құбыры және кәріз желілерін қайта жаңғырту жоспарланған.

Дархан Сатыбалды тұрғын үйлерді күзгі-қысқы кезеңге дайындау мәселесіне ерекше назар аударып, бұл жұмыстарға бақылауды күшейту жөнінде басқармалар мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар қала әкімі тұрғын үй қорымен қатар барлық әлеуметтік нысанның қысқы маусымға дайындығы мәселесін өзінің тұрақты бақылауында ұстайтынын атап өтті.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!