Қарағандыда автобус жүргізушісі зейнеткерді түсіріп, азық-түлігін таптап кеткен

18:36, 24 қараша 2026
MKZ: 1579521

© Фото: Zakon.kz

Қарағандыда автобус жүргізушісі қарт жолаушыны сатып алған заттарымен бірге автобустан түсіріп, жолда қалған көкөніс пен жеміс-жидек салынған қораптарды дөңгелегімен басып өткен. Жүргізушінің бұл әрекеті қала тұрғындарының наразылығын тудырып, өзі жұмыстан шеттетілді.

Оқиға базар маңында болған. Бұл туралы 24 қарашада ekaraganda.kz басылымы жазды. Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші зейнеткердің автобусқа көп қорап пен сөмке алып кіргеніне наразы болып, одан салоннан шығуын талап еткен.

Алайда жанжал мұнымен аяқталмаған. Куәгерлердің сөзінше, жолаушыны түсіргеннен кейін жүргізуші жолда қалған азық-түлік салынған қораптарды әдейі дөңгелегімен басып өткен. Қала тұрғындарының айтуынша, сол кезде автобустың іші жартылай бос болған, ал қарт жолаушы ешкімге кедергі келтірмеген.

Жүргізушінің әрекеті қоғамда үлкен наразылық туғызды. Осы жағдайға қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі де пікір білдіріп, мұндай әрекетке жол беруге болмайтынын мәлімдеді.

"Жүргізуші желіден алынып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталғанға дейін жұмыстан шеттетілді. Кейін еңбек шартын бұзу мәселесі қаралады. Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтыру үшін оқиға туралы ақпарат полиция органдарына берілді", – деп хабарлады ведомстводан.

Автобус тиесілі №5 автобус паркінің басшылығымен де профилактикалық әңгіме жүргізілген. Тасымалдаушыға қызметкерлерді бақылауды күшейтіп, жолаушыларға қызмет көрсету мәдениеті мен оларға құрметпен қарау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Кәсіпорын өкілдері де осы оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс басталғанын растады.

"Қазір салон ішіндегі және сыртқы бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап жатырмыз. Жүргізуші жұмыстан шеттетілді. Тексеріс аяқталған соң оның нәтижесі мен қабылданған шаралар туралы ресми түсініктеме береміз", – деп мәлімдеді "Автобус паркі №5" ЖШС өкілдері.

Енді оқиғаның мән-жайын полиция анықтайды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!