Қапшағай су қоймасындағы мұздықтарды тамашалауға келетін туристер легі артты

16:55, 19 ақпан 2026

© Сурет: Zakon.kz

Алматы облысының тұрғындары мен қонақтары Қапшағай су қоймасының қысқы көркін тамашалауға ағылуда. Алайда, ғажап құбылыстың аяқталар сәті де жақын тәрізді. Күннің күрт жылынуынан кей жерлерде мұздықтардың бір бөлігі еріп те үлгерген, аумақтың қазіргі көрінісі жайлы толығырақ ақпаратта.

Қапшағайдағы алып мұздықтарды көзбен көргісі келетіндердің қарасы қалың. Турфирмалар мен гидтер арнайы сапарлар ұйымдастырып, табиғат ғажайыбын көрсетуге дайын.

Сурет: Zakon.kz

Алматыдан тур бағасы 10 000 теңгеден басталады. Мамандар мұздықтар маңы салқын болғандықтан жылы киінуді ұсынады.

Өзіңізбен бірге мыналарды алған жөн:

  • су өткізбейтін аяқ киім;
  • қолғап;
  • бетке арналған қорғаныш крем;
  • күннен қорғайтын көзілдірік;
  • ыстық сусын.

Сурет: Zakon.kz

Алып мұздықтар қалай пайда болады?

Мамандардың түсіндіруінше, аязда су айдыны қатады. Кейін желдің, ағыстың әсерінен мұз қабаттары жылжып, бір-бірімен соқтығысып, үйіндіге айналады.

Сурет: Zakon.kz

Дегенмен, биылғы қыста Қапшағай су қоймасы толық қатпаған. Қалың мұз тек жағалау аймағында ғана, оның өзінде қаңтардағы қатты аяз кезінде пайда болыпты.

Бұл ретте, күннің күрт жылынуы мұздықтардың еруіне алып келген.

Сурет: Zakon.kz

Құтқарушылар демалушыларды жағадан алысқа бармауға шақырады. Жағажайдан алыстаған сайын мұздың ойылып кету қаупі артады.

Сонымен қатар, судың қатпаған бөлігінен бірқазандарды да көруге болады. Әдетте бұл құстар суық түскенде жылы жаққа ұшып кететін, дегенмен биылғы қыстың жұмсақ болуы және азық қорының жеткілікті болуы оларды көктемге дейін осында қалуға итермелеген.

Бұған дейін қазақстандық маманның Шымкенттің демалысқа ең қолайлы мекен екенін дәлелдеп жүргенін жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!