Шымкентте сот приставын бір топ қаскөй сот ғимараты алдында сабап кетті

20:57, 18 ақпан 2026

© Сурет: pixabay

Шымкентте сот приставы қызметтік міндеттерін орындау кезінде зардап шекті. Оны сот ғимаратында бір топ адам соққыға жыққан. Бұл туралы ақпаратпен 2026 жылдың 18 ақпанында соттың баспасөз қызметі бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Соттың мәліметінше, оқыс оқиға 2025 жылғы 26 тамызда шамамен сағат 14:30-да Шымкент қаласы, Тыныбаев көшесі, №42 мекенжайында орналасқан Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының ғимаратында болған.

Сотталушы өз таныстарымен бірге сот отырысына қатысу мақсатында келген. Алайда, сот приставы оларға сот залына кіргізе алмайтынын түсіндірген. Осыған қарамастан бір топ адам мүгедектігі бар тұлғаларға арналған есіктің қақпасын ашып, ғимаратқа заңсыз кірген. Осы уақытта қызметтік міндетін атқарып жүрген билік өкілі - сот приставы, жәбірленуші Б. оларды тоқтатуға тырысқан.

"Алайда олар сот приставының заңды талаптарына бағынбай, сот мәжіліс залына кіру мақсатында жанжалдасып, жәбірленушіге соққы жасаған. Кейін оны сот ғимаратынан күштеп сыртқа алып шығып, адамдар тобы болып дене жарақаттарын салған. Осы кезде сотталушы Е. сот ғимаратынан бөлек шығып, соттың іргелес аумағымен келе жатып, таныстарының жәбірленушіні ұрып жатқанын көрген. Ол олардың жанына барып, жәбірленушінің арт жағынан жақындап, бетіне жұдырықпен соққы жасаған", делінген сот хабарламасында.

Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді.

Жаза тағайындау кезінде сот кінәні мойындамағанын және бұрын сотты болғанын ескеріп, Е-ні ҚК-нің 380-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оған түпкілікті 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Атырау облысында қос мектеп түлегі өздеріне тиесілі "Алтын белгіге" сотқа жүгіну арқылы қол жеткізгенін жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!