Қапшағай қаласы көркейіп келеді

22:33, 11 сәуір 2017

Алып шаһар Алматының іргесіндегі демалушылар ең көп келетін қаланың бірі Қапшағайды абаттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қазір орталық саяжай жөнделіп, қалалық жағажай қалпына келтірілуде.

Күн жылынғалы аулалар абаттандырылып, балалар алаңқайлары мен жолдар жөнделе бастады. Қала көшелеріне қуат көзін үнемдейтін шамдар орнатылуда. Себебі Қапшағай тоғыз жолдың торабында орналасқан. «Қаланың атына заты сай болуы тиіс», – дейді мамандар. 

Қазақтың біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қолтаңбасы сайрап жатқан Қапшағайға жаз мезгілінде күніне 4 мың адам келіп-кетеді екен. Қазақстанның Лас-Вегасы атанып кеткен қаладан бұл күнде қысы-жазы қонақ үзілмейтін болған. 

Ақылы демалыс орындары өз алдына, айдыны жарқырап жатқан айна көлдің жағасынан жергілікті тұрғындар тегін демалатын қалалық жағажай салына бастады. Оның құрылысына 265 млн теңге бөлінген. Ал қалалық саяжайды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 153 млн теңге қаралыпты. 

Қайрат Күлімбаев, Қалалық ТКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

-Қапшағай қаласы Алматыға жақын орналасқаннан кейін жаздық маусым басталған кезде барлық тұрғындар бізге келіп, демалады. Жағажай, саяжайымыз бар. Туризмді дамыту үшін үлкен жұмыстар жасалып жатыр.

Сонымен қатар көшелер жарықтандырылып, бағаналар ауыстырылып, қуат көзін үнемдейтін жарықдиодты шамдар ілінуде. Ал аулаларды абаттандыруға 100 млн теңге бөлінген. Қапшағай мен Арна ауылында қала, ауылішілік жолдар жөнделіп жатыр.

Мұрат Абауов, қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалдау бөлімінің басшысы:

-Қапшағайда жолдарды жөндеуге 330 млн теңге ақша бөлінді. Бүгінгі таңда бірінші этап бойынша 166 млн. теңгедей ақшаны игеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қапшағай қаласымен қосқанда барлығы12 көшені жөндеу жұмыстары өткізіледі.

Алдағы уақытта Заречный, Шеңгелді ауылдық округіндегі көшелер жөнделе бастайды. Қапшағай мен қала іргесіндегі ауылдарда 200 шақырымға жуық қатты жамылғылы жол бар. Оларды күтіп ұстауға жыл сайын қомақты қаржы бөлініп келеді. «Қаланы абаттандыру жұмыстарының сапалы жүргізілуін, бөлінген қаржының мақсатты түрде игерілуін ұдайы қадағалап отырамыз. Инвестор тарту жұмыстары да басты назарда. Қаланың көркеюіне жергілікті кәсіпкерлер де бір кісідей атсалысып келеді», – дейді жергілікті билік өкілдері.   

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосынов

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!