Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертінде не болғанын зардап шеккен қыз айтып берді

10:28, 13 қазан 2026
MKZ: 1572000

© Сурет: Instagram/kair_n

Қазақстандық әнші Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концерті кезінде болған жаппай кептелістен зардап шеккендердің бірі Айжан Айбекқызы оқиғаның қалай өрбігенін айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Айжан Айбекқызының TV7.kz басылымына айтуынша, ол концертке ертерек барған.

"Біз кешкі сағат бесте келдік. Концерт сағат жетіде басталуы керек еді. Сондықтан кешікпей, ішке алдын ала кіріп алу үшін ертерек келуді жөн көрдік. Silver аймағына 13 мың теңгеден билет сатып алдық. Алайда ішке тек кешкі сағат сегіздер шамасында ғана кіре алдық", – деді қыз.

Оның сөзінше, адам кептелісі екі рет болған.

"Бірінші кептеліс кезінде аяғымды қайырып алдым, аяғым қанап кетті. Адамдар үстіме құлап, таптап кетті. Мен кіреберістің жанында тұрдым, ол жерде еріктілер болмады. Айналамда есінен танып, су іздеген адамдар көп болды", – деді Айжан Айбекқызы.

Оқиғаға қатысты Шымкент қалалық полиция департаменті де пікір білдірді.

"Алдын ала мәлімет бойынша, сатылған билеттер саны концерт өтетін алаңның белгіленген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен. Соның салдарынан адамдар шамадан тыс жиналып, көрермендердің қауіпсіздігіне қатер төнді. Концерт ұйымдастырушысы, 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр", – деді Шымкент қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Еркебұлан Ережепов.

Полицияның мәліметінше, концертке келген 18 жастағы қыз зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген. Оның туыстары сұхбат беруден бас тартқан. Олардың айтуынша, қыздың жүрегі мен бас миы зақымданған. Ол есінен танып, әлі күнге дейін жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр. Бұған қоса, жаппай кептеліс кезінде жерде жатқан қыздың ұялы телефоны мен құжаттарын ұрлап кеткен. Қазір оқиғаны полиция тергеп жатыр.

Барлығы сегіз адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың жетеуі тексеруден кейін үйлеріне жіберілді.

Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концерті 2026 жылғы 10 қазанда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өтті. Мыңдаған адам бір мезгілде концертке кіруге тырысып, кіреберісте үлкен кептеліс пайда болды. Соның салдарынан көрермендердің бір бөлігі концертке кіре алмай қалды.

Кейін әлеуметтік желілерде кептеліс салдарынан адамдар қаза тауып, 100-ден астам адам жарақат алды деген жалған ақпарат тарады. Алайда бұл ақапарат жалған болып шықты. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медициналық көмекке сегіз адам жүгінген.

Тексерістен кейін зардап шеккендердің біреуінен басқасы үйлеріне жіберілген. Тек 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қазір оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

11 қазанда Қайрат Нұртастың шоуына байланысты қылмыстық іс қозғалғаны, ал іс-шараны ұйымдастырушының ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғаны белгілі болды. Кейін концертке қатысты әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан әйелдің жауапкершілікке тартылғаны хабарланды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!