ІІМ жоғары оқу орындарына қалай түсуге болады: қабылдау қағидалары жаңартылды

16:56, 27 шілде 2026
MKZ: 1558254

© Фото: polisia.kz

2026 жылғы 17 шілдедегі Ішкі істер министрінің бұйрығымен жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ҚР ІІМ әскери және арнайы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қағидалардың бірқатар тармақтары жаңа редакцияда жазылды.

Атап айтқанда, ІІМ-нің арнайы оқу орындарына күндізгі оқу нысаны бойынша түсуге ниет білдірген азаматтар цифрлық жүйе арқылы тіркеліп, өтініш береді немесе тұрғылықты жері бойынша аумақтық ішкі істер органдарының кадр қызметіне жүгінеді. Кейін олар цифрлық жүйеде тіркеуден өтеді.

Тіркеу сәтті аяқталғаннан кейін кандидатқа цифрлық жүйеде "жеке кабинет" ашылады.

Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:

  • цифрлық құжаттар сервисінен алынған жеке басын куәландыратын электрондық құжат;
  • фотосуреттер (бас киімсіз, өлшемі 3,5×4,5 см және 10×12 см);
  • аттестаттың немесе білім туралы дипломның көшірмесі;
  • Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде мерзімді әскери қызмет өткерген адамдар үшін ұсыным (конкурстық іріктеуден өткені туралы комиссияның қорытындысы).

Аумақтық ішкі істер органдарының жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімшелері жүйеде тіркелген сәттен бастап ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді. Егер құжаттар толық ұсынылмаса, олар екі жұмыс күні ішінде толықтыруға жіберіледі және бұл туралы цифрлық жүйеде хабарлама беріледі.

ІІМ-нің жеке құраммен жұмыс қызметі аумақтық ішкі істер органдары үшін кандидаттарды ІІМ-нің арнайы оқу орындарына оқуға жіберу жоспарын әзірлейді.

Жоспар бекітілгеннен кейін аумақтық ішкі істер органдары:

  • ІІМ-нің арнайы оқу орындарына қабылдау шарттары туралы бұқаралық ақпарат құралдарында және ресми интернет-ресурста хабарландырулар орналастырады;
  • тұрғылықты жері бойынша кандидаттарға кәсіптік бағдар беру, оларды іріктеу және тексеру жұмыстарын жүргізеді.

Сондай-ақ цифрлық жүйеде ІІМ-нің арнайы оқу орындарына түсу конкурсына қатысатын кандидаттардың тізімі қалыптастырылатыны көзделген.

Тізім қалыптастырылған кезде әрбір кандидатқа автоматты түрде бірегей тіркеу нөмірі беріледі. Бұл нөмір кандидаттарды дене дайындығы көрсеткіштері бойынша іріктеу кезінде қолданылады.

Кәмелетке толмаған кандидаттар үшін тіркеу олардың ата-анасының немесе заңды өкілінің дербес деректерді өңдеуге және кандидаттың іріктеудің барлық кезеңіне қатысуына келісімі алынғаннан кейін жүргізіледі.

Тіркеу мен өтініш беру сәтті аяқталғаннан кейін цифрлық жүйе кандидаттарға медициналық куәландырудан өтуге жолдама береді.

ІІМ-нің арнайы оқу орындарына қабылдау тәртібі және дене дайындығы бойынша іріктеу өткізу мерзімдері туралы ақпарат цифрлық жүйеде орналастырылады және кандидаттарға хабарламалар арқылы жеткізіледі.

ІІМ-нің арнайы оқу орындарына қабылдауды ұйымдастыруды аумақтық бөлімшелердің өңірлік комиссиясы және арнайы оқу орнының қабылдау комиссиясы жүзеге асырады.

Дене дайындығы көрсеткіштері бойынша кандидаттарды іріктеуді ұйымдастыру мақсатында аумақтық ішкі істер органдарында дене дайындығын тексеру жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылады. Комиссия құрамына аумақтық ішкі істер органы қызметкерлері, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді.

Сонымен қатар азаматтардың дене дайындығы бойынша іріктеу қорытындыларына қатысты өтініштерін қарау үшін апелляциялық комиссия құрылатыны көзделген.

Қабылдау комиссиясының құрамы арнайы оқу орны басшысының бұйрығымен бекітіледі және арнайы оқу орны қызметкерлерінің қатарынан жасақталады. Мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бақылаушы ретінде қатысады. Ал ІІМ құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері министрлік басшылығының тапсырмасы бойынша бақылаушы ретінде қатысады.

Қабылдау комиссиясы мүшелерінің жалпы саны тақ саннан тұрады. Комиссияны төраға басқарады.

Қабылдау комиссиясының төрағасы ІІМ-нің арнайы оқу орнының бастығы болып табылады.

Қабылдау комиссиясының шешімі комиссия мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады.

Дауыстар тең болған жағдайда қабылдау комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып есептеледі.

Қабылдау комиссиясы:

  • ақпараттық жүйеде кандидаттардың деректерін қарайды;
  • белгіленген нысан бойынша конкурстық тізімдерді және кандидаттарды курсанттар қатарына қабылдау туралы қабылдау комиссиясының хаттамасын дайындайды;
  • конкурстық іріктеуді жүргізеді;
  • конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша кандидаттарды курсанттар қатарына қабылдау немесе қабылдаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды;
  • кандидаттарды қабылдау қорытындыларына талдау жүргізеді және бұл жұмысты одан әрі жетілдіру жөніндегі шараларды әзірлейді;
  • оқуға қабылдау мәселелері бойынша шағымдар мен өтініштерді қарайды.

Медициналық куәландыруды астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың Полиция департаменттерінің әскери-дәрігерлік комиссиясы жүргізеді.

Комиссияның шешімін хатшы цифрлық жүйеге енгізеді. ІІМ-нің арнайы оқу орындарына түсуге үміткер кандидаттар бұл шешім туралы жеке кабинетіне келген хабарлама арқылы біледі.

Кандидаттарды дене дайындығы көрсеткіштері бойынша іріктеу жүргізіледі және спорттық жаттығуларды орындау нәтижелері ІІМ-нің арнайы оқу орындарына кандидаттарға арналған дене шынықтыру даярлығы нормативтеріне сәйкес бағаланады.

Сондай-ақ "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері", "Қазақстан Республикасының спорт шебері" спорттық біліктілігі бар және оны растайтын құжаттарды ІІМ-нің арнайы оқу орнының қабылдау комиссиясына ұсынған кандидаттар дене дайындығы бойынша іріктеуден өтуден босатылатыны көрсетілген.

Әрбір спорттық жаттығуды тапсыру нәтижелері жеке ведомосқа тіркеледі, оны кандидаттардың дене дайындығын тексеру жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері цифрлық жүйеге енгізеді және нәтижелер автоматты түрде кандидаттың жеке кабинетінде көрсетіледі. Жаттығуды орындау нәтижесі тіркелгеннен кейін қайта тапсыруға жол берілмейді.

Спорттық жаттығулардың жекелеген түрлерін тапсыру туралы деректер негізінде цифрлық жүйе кандидаттың дене дайындығы бойынша сынақтан өткені немесе өтпегені туралы қорытындыны автоматты түрде қалыптастырады.

Дене дайындығы бойынша сынақ нәтижесімен келіспейтін кандидат цифрлық жүйедегі жеке кабинетінде "келіспеймін" деген тармақты таңдайды.

"Келіспеймін" деген тармақ таңдалған кезде апелляция беру туралы өтініш автоматты түрде қалыптастырылады.

Апелляция дене дайындығы бойынша нәтижелер жарияланғаннан кейінгі келесі күнгі сағат 13:00-ге дейін рәсімделеді және апелляциялық комиссия оны бір тәулік ішінде қарайды.

Апелляциялық комиссияның шешімі өңірлік комиссия мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады. Апелляциялық комиссияның жұмысы хаттамамен рәсімделеді, оған комиссия төрағасы мен барлық мүшелері қол қояды. Апелляциялық комиссия шешімінің қорытындысы бойынша кандидатқа апелляциялық комиссия отырысы хаттамасынан үзінді көшірме беріледі.

ІІМ-нің арнайы оқу орындарына күндізгі оқу нысаны бойынша қабылдау ҰБТ сертификатының балдарына сәйкес конкурс арқылы, медициналық, дене дайындығы және кәсіби көрсеткіштер бойынша іріктеу нәтижелері ескеріле отырып жүргізіледі.

Цифрлық жүйе арқылы бірыңғай рейтингтік тізім, конкурс бойынша өткендердің тізімі және резервтік тізім қалыптастырылады.

Кандидатты курсанттар қатарына қабылдау немесе қабылдаудан бас тарту туралы шешімді рейтингтік тізімге сәйкес конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша қабылдау комиссиясы цифрлық жүйе арқылы қабылдайды. Конкурстық іріктеудің қорытындылары кандидаттардың жеке деректерінің таралуына жол бермеу мақсатында оларды шифрлау арқылы бес жұмыс күні ішінде цифрлық жүйе арқылы жарияланады.

Резервтік тізімге конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша негізгі қабылданғандар тізіміне енбеген, бірақ басқа үміткерлердің арасында ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған кандидаттар енгізіледі. Резервтік тізімге енгізу тәртібі қорытынды балдың кему ретімен айқындалады.

Арнайы оқу орнына қабылданған кандидат оқудан бас тартқан жағдайда, оның орнына резервтік тізімдегі келесі кандидат шақырылады.

Резервтік тізімге енгізілген кандидаттар бос орындар болған жағдайда, оқуға қабылданған күннен бастап алғашқы бір ай ішінде қабылдануы мүмкін.

Медициналық куәландырудан оң нәтиже алған жағдайда конкурссыз мына адамдар қабылданады:

  • қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған қызметкерлердің балалары, егер олар білім беру грантын беру қағидаларында кандидаттарға қойылған талаптарға сәйкес шекті балл жинаса;
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы қатарында мерзімді әскери қызмет өткерген адамдар, егер олар білім беру грантын беру қағидаларында кандидаттарға қойылған талаптарға сәйкес шекті балл жинаса, бірақ олардың саны жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған жыл сайынғы мемлекеттік тапсырыстың білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын көлемінің 10%-ынан аспауға тиіс;
  • "Алтын белгі" белгісімен марапатталған адамдар;
  • ҰБТ тапсырып, оның нәтижесі бойынша кемінде 100 балл жинаған адамдар;
  • "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері", "Қазақстан Республикасының спорт шебері", "Спорт шеберіне кандидат" спорттық біліктілігі бар адамдар;
  • "Жас Сақшы" полиция сыныптарының түлектері;
  • халықаралық стандартталған тесттердің сертификаттары бар адамдар: TOEFL ITP – кемінде 460 балл, TOEFL IBT – кемінде 46 балл, IELTS – кемінде 5,5 балл.

ҰБТ сертификатының балдары бірдей болған жағдайда оқуға қабылдауда мына адамдар басым құқыққа ие болады:

  • жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе олардың қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары;
  • үздік білім туралы құжаттары (куәлік, аттестат, диплом) бар адамдар;
  • кадет оқу орындарының, әскери мектеп-интернаттардың негізгі білім беру бағдарламаларын немесе әскери-патриоттық не заң бағыты бойынша қосымша білім беру бағдарламаларын аяқтағанын растайтын құжаттары бар адамдар;
  • жоғары білімді алғаш рет алып жатқан ішкі істер органдарының қызметкерлері;
  • білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша соңғы үш жылдағы жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың, халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының, халықаралық орындаушылар конкурстарының және спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері (І, ІІ және ІІІ дәрежелі диплом иегерлері), сондай-ақ өздері таңдаған мамандық олимпиада, конкурс немесе спорттық жарыс пәніне сәйкес келген жағдайда ағымдағы оқу жылындағы республикалық және халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың), орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстарының және спорттық жарыстардың жеңімпаздары.

Егер балдар бірдей болып, басым құқық болмаса, аттестаттағы орташа балы жоғары адамдар қабылданады.

Егер балдар да, басым құқық та, сондай-ақ аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балы да бірдей болса, бейіндік пәндер бойынша жинаған балдары ескеріледі.

Қабылдау комиссиясының кандидаттарды курсанттар қатарына және резервтік тізімге қабылдау туралы шешімі хаттамамен рәсімделіп, арнайы оқу орнының бастығы қол қояды.

ІІМ-нің арнайы оқу орындары қабылдау аяқталғаннан кейін күнтізбелік 10 күннің ішінде ІІМ-нің кадр қызметіне қабылдауды ұйымдастыру және өткізу туралы қорытынды есепті, сондай-ақ курсанттарды қабылдау туралы бұйрықтардың көшірмелерін ұсынады.

Кандидаттарды курсанттар қатарына қабылдау туралы хаттаманың көшірмесі аумақтық ішкі істер органдарының бөлімшелеріне жіберіледі. Курсанттар қатарына қабылдау туралы хаттама ІІМ-нің арнайы оқу орындары үшін қабылдау туралы бұйрықты шығаруға, ал аумақтық ішкі істер органдары үшін арнайы оқу орындарына жіберілетін кандидаттардың жеке істерін ресімдеуге негіз болады.

Курсанттар қатарына қабылдау туралы хаттама ІІМ-нің арнайы оқу орындарына курсанттарды қабылдау туралы бұйрық шығаруға және аумақтық ішкі істер органдары арнайы оқу орындарына жіберетін кандидаттардың жеке істерін рәсімдеуге негіз болып табылады.

Рәсімделген кандидаттардың жеке істері ІІМ-нің арнайы оқу орындарына кандидаттарды оқуға қабылдау туралы хаттама бекітілген күннен бастап 14 жұмыс күні ішінде жіберіледі.

Бұйрық 2026 жылғы 4 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!