Халқымыз үшін мән-мағынасы ерекше мейрам – Президент қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

13:08, 23 қазан 2026
MKZ: 1573977

© Сурет: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталып, тарихи үдерістерге әділ баға беру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президент біртұтас қоғам болып Әділетті Қазақстан құру жолында атқарылып жатқан жұмыстар туралы сөз қозғады.

"Біз бәріміз біртұтас қоғам болып Әділетті Қазақстанды құру ісін қолға алдық. Әділеттілік қағидаттарын халқымыз арасында дәріптеп жатырмыз. Шын мәнінде, әділеттілік ең жоғары рухани құндылық десек дұрыс болады. Жаңа партияға "Әділет" атауын бердік. Біз тарихи үрдістерге әділетті көзбен қарап, әділ баға беруіміз керек. Сондықтан Егемен Қазақстанның негізін қалауға, оның өте күрделі экономикалық жағдайда дамуына, еліміздің көптеген тарихи жетістікке қол жеткізуіне зор үлес қосқан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын. Себебі, бұл – әділеттілікке сай келетін мәселе", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, ұлттық мерекенің тарихи маңызын атап өтті.

"Ұлық мерекеміз – Республика күні баршаңызға құтты болсын! Бұл – бүкіл халқымыз үшін мән-мағынасы ерекше және қастерлі мейрам! 25 қазанда ақжолтай құжат – Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл сол күні ұлт жылнамасының жаңа кезеңі басталды. Көп ұзамай өз алдына дербес ел атандық. Тарихи әділдік орнап, қасиетті қазақ жеріне Тәуелсіздіктің алтын қазығы қағылды. Сондықтан бұл күнді Ұлы даладағы мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған күн деп айтсақ, артық емес, – деді Президент.

Биыл біз ұлттық мерекені ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында атап өтіп жатырмыз. Қазақстан осы мемлекет тарихының мерейлі межесіне қарқынды дамып келе жатқан, әлем қауымдастығының құрметіне ие болған ел ретінде жетіп отыр.

Халқымыз егемендік жылдарында көптеген белесті абыроймен еңсерді. Ұлттық болмысымыздың мызғымас нышандары – мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Көк Туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреді.


Ұлттық қаржы жүйесі құрылды. Мемлекеттік шекарамыз шегенделді. Қасиетті Сарыарқаның төрінде, бұрынғы ескі қаланың орнында бүкіл дүние жүзін таңғалдырған, әлем мойындаған жаңа елордамыз – Астананың іргесі қаланды. Біз бірлігімізді бекемдеп, жер жүзіне бейбітшілік бесігі ретінде танылдық", – деді президент.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!