«Ғылыми әзірлемелер елге нақты пайда әкелуі керек» - Тоқаев
© Сурет: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды қаржыландыру ісіне қатаң тәртіп керек, қаражатты басымдықтарға қарай жұмсаған жөн деп санайды, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Мемлекет соңғы алты жылда ғылымға арналған қаржыны бірнеше есе ұлғайтты. Жыл сайын ғылымға 200 миллиард теңгеден астам, тіпті, бұдан да көп, 500 миллион доллардан аса қаржы бөлінеді. Бұл – Қазақстан үшін қомақты ақша. Алайда ғылымды қаржыландырудың нақты нәтижесін әзірге көре алмай отырмыз. Бас прокуратура салалық министрлікте және Ғылым қорында көптеген әрі ауқымды қаржылық заңбұзушылықтарға жол берілгенін әшкереледі. Неліктен осылай болғанын тап басып айту қиын. Грант алушыларды аккредиттеуден бастап қаржыландыру үдерісінің барлық кезеңінде кемшіліктер көзге көрініп тұр. Менің түсінігімде, ғылым мен жемқорлық бір біріне кереғар құбылыс, екеуі қатар аталмауға тиіс. Мемлекет қаржысын жымқырғысы келетін кез келген әрекетке тосқауыл қоятын сүзгі не кедергі жоқ. Ғылыми үдерісті дамытудың тұжырымды көзқарасы қалыптаспаған. "Әйтеуір қаражатты қалайда игерсек болды" деген ұстаным тамыр жайған. Ғылыми жұмыстың нақты пайдасы, жаңашылдығы қандай? Оған ешкім бас қатырмайды. Бұған қоса, сараптама ұзаққа созылады. Жобалар уақтылы іске аспайды. Үкімет аталған мәселелерді егжей-тегжейлі тексеріп, жағдайды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдауы қажет", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ ғылыми әзірлемелер елге нақты пайда әкелуі керек екенін айтты.
Оның сөзінше, өкінішке қарай, бұл бұлжымас аксиоманы қайталауға тура келіп тұр.
"Ғылым қорына инновацияны ынталандыруға арналған жаңа құзыреттер берілді. Бірақ жұмыстың нәтижесі жоқ. Қордың қызметін қайта саралау қажет. Өзімізді алдаудың не қажеті бар? Ғылым бар сияқты, бірақ оның нақты пайдасын көрмей отырмыз. Маған үш мыңнан астам қолданбалы ғылыми жобаның тек 193-і ғана коммерцияландыруға лайық деп танылғаны, ал нарыққа бар-жоғы 29 жоба шыққаны баяндалды. Өкінішке қарай, индустрияға әсері, қайтарымы өте аз. Тағы бір келеңсіз жайт: заманауи өндіріс құруға бөлінген жер телімдері бос жатыр. Ал жұмысында олқылықтарға жол берген Ғылым қоры мемлекет қаржысын қайтармағаны өз алдына, тіпті, құқық қорғау органдарына да шағымданбаған. Ештеңе болмаған сияқты. Алайда құқық қорғау органдары грант ретінде алынған ақшаның кейін Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы мен Ғылым қоры қызметкерлеріне аударылғанын әшкереледі. Тексеріс нәтижесі бойынша 11 қылмыстық іс қозғалды. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында өзім шынайы құрметпен қарайтын ғылыми қызметкерлер туралы осындай ұятты деректерді ашық айту оңай емес. Бірақ Конституциядағы Заң мен тәртіп қағидаты ғылым қайраткерлеріне де қатысты. Ғылыми қоғамдастықтың абырой-беделіне нұқсан келтіретін осы жағымсыз жайт жауапкершіліктің болмауы, бақылаудың нашарлығы және процестерді цифрландырудың төмен деңгейі қайда әкеліп соғатынын анық көрсетті. Барлық ғылыми әзірлеме қолданбалы мәнге ие болуға тиіс. Экономиканың нақты секторларына белсенді енгізілуі керек. Әлбетте қазақ ғылымының дамуында сәтті мысалдар баршылық. Ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Бірақ шынайы табысқа жеткіміз келсе, сәтсіздіктерден сабақ алуымыз керек. Турасын айтқан жөн. Шындықты бұрмалауға түбегейлі қарсымын. Бірақ құр сөз бен мақтангершілікті жақтырмаймын", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, стратегиялық мақсатымыз – ғылым мен инновацияға келетін инвестицияны еселеу. Бұл іске жеке кәсіпорындар мен кәсіпкерлер де атсалысуы қажет.
Президент инновациялық саясатты жүргізу құзыреті Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілгенін, "Индустриялық PhD" мамандарын даярлау бағдарламасы іске қосылғанын, іргелі зерттеулерді тұрақты қаржыландыру тетігі енгізілгенін, сондай-ақ жетекші ғалымдарға еңбекақы төлеудің жаңа әдістемесі заң жүзінде бекітілгенін алға тартты.
"Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, ғылыми әзірлемелерден ауыз толтырып айтарлық экономикалық әсер әзірге жоқ. Бұл жағдайдың себептерін анықтауымыз керек. Ғылым академиясы, тиісті институттар, ғалымдар мен бизнес-қоғамдастық осы тығырықтан шығаратын ұсыныс беруге тиіс. Басқаша айтқанда, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды қолға алған жөн. Негізі, бұл әлдеқашан орындалуға тиіс міндеті еді. Бірақ ештен кеш жақсы. Стратегиялық мақсатымыз – ғылым мен инновацияға келетін инвестицияны еселеу. Бұл іске жеке кәсіпорындар мен кәсіпкерлер де атсалысуы қажет. Яғни, ғылым – жалпыхалықтық іс. Мәселені осылай төтесінен қоюмыз керек. Үкімет ғылымды басқарудың нәтижеге құрылған және бизнеспен серіктестікті дамытуды көздейтін тиімді моделін жасақтауы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
19:10, 19 наурыз 2026
Қазақстандық гимнастар Грекиядағы халықаралық турнирде өнер көрсетеді
-
18:36, 19 наурыз 2026
20 наурызда Қазақстанда күн бұзылады
-
18:31, 19 наурыз 2026
Шавкат Рахмонов әйелімен ажырасып, балаларынан бас тартты
-
18:24, 19 наурыз 2026
Қазақстан шаңғымен тұғырдан секіруден Польшадағы турнирде тағы үш медаль жеңіп алды
-
18:03, 19 наурыз 2026
Тараз тұрғынынан 5 млн теңге бопсалаған күдікті ұсталды





