Германияда римдиктер салған 2000 жыл бұрынғы құпия жол табылды

15:35, 6 тамыз 2026
MKZ: 1560007

© Сурет: pexels

Германияда археологтар кезінде Жоғарғы Германия провинциясының шекаралық бекіністерін жалғаған ежелгі римдік Альблимес (Alblimes) жолын тапты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Баден-Вюртемберг жерінің Ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік басқармасының айтуынша, тас төселген бұл жол өңірдегі аса маңызды әскери орталықтарды – қазіргі Ротвайльді (ежелгі Arae Flaviae) және Хайденхайм-ан-дер-Бренцті (Aquileia) байланыстырған. Бір ғасырдан астам уақыт бойы ол Рим империясы мен герман тайпалары арасындағы стратегиялық шекара қызметін атқарған.

Рим инженериясының жауһары

"Наука" басылымының мәліметінше, жол біздің дәуіріміздің 69–79 жылдары билік еткен император Веспасианның тұсында салынған.

Мамандардың айтуынша, жолдың су ағызу жүйесі өте мұқият ойластырылған. Сонымен қатар оның бетіндегі арбалардың іздері бүгінге дейін сақталған. Бұл іздер аталмыш жолмен ұзақ жылдар бойы әскери жасақтар мен сауда керуендерінің үздіксіз қатынағанын көрсетеді.

Бұдан бөлек, қазба жұмыстары барысында археологтар император Домицианның (б.з. 81–96 жылдары) бейнесі бедерленген қола дупондий тиынын, сондай-ақ қымбат ыдыстардың сынықтарын, құрылысқа арналған қыш тақтайшаларды және қолдан соғылған шегелерді тапқан.

Сондай-ақ, күтпеген олжа ретінде кейінгі қола дәуіріне жататын қола түйреуіш табылды. Ғалымдардың пікірінше, бұл жәдігер ежелгі кремациялық жерлеу орнынан шыққан. Римдік құрылысшылар екі мың жыл бұрын жол салу кезінде сол қорымды кездейсоқ бүлдірген болуы мүмкін.

Жоба жетекшісі, доктор Рене Волленвебердің айтуынша, қазіргі инженерлер жаңа трассаны салу кезінде іс жүзінде ежелгі римдіктер пайдаланған бағытты қайталаған. Оның сөзінше, Шваб Альбы үстірті бүгінгі күнге дейін Неккар жазығы мен Дунай алабы арасындағы ең қолайлы табиғи дәліз болып қала береді.

Бұған дейін Өзбекстанда 2200 жыл бұрынғы грек жауынгерлерінің әскери лагері табылғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!