Түркістан облысындағы жылыжайда жаппай банан пісіп жатыр

09:34, 26 қараша 2024

© Сурет: pixabay

Еліміздің басым бөлігінде күн суытып, қар жауып жатса, Түркістан облысында жаппай банан пісіп жатыр. Сайрам ауданындағы жылыжайда өсіріліп жатқан экзотикалық жемістерден екінші өнім жинап алынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазір жұрт сүйсініп жейтін жемістер негізінен ішкі нарыққа шығып, Алматының сауда орталықтарына жөнелтілуде.

Бұл Сайрам ауданындағы 5 гектар аумаққа созылған жылыжайдың қазіргі көрінісі. Түркиялық технология негізінде іске қосылған жылыжайға 7 400 түп банан ағаштары былтыр отырғызылған, деп жазады qazaqstan.tv.

Бас аяғы 10-15 жылға дейін өнім беретін экзотикалық жемістердің алғашқы өнімі мамыр айында жиналса, қазір екінші өнім пісіп дайын тұр. Осылайша жергілікті компания бау өскен жерге банан шықпайды деген қауесеттерді жоққа шығарып, мол өнім алуда.

"Қазақстанның өзіне 100 мың тонна банан Эквадордан келеді. Біз 20-30 пайыз нарықты жабу үшін тағы да 20-30 бес гектарлық жылыжай салайын деп жатырмыз. Бұдан бөлек тағы да бір 90 гектарымыз бар. Авакадо, манго, ананас егеміз." Ислам Алиев, кәсіпкер

Банан өсіру үшін жылыжайда арнайы микроклимат жасалған. Мұндағы температура тұрақты түрде +15 градуста сақталады, ал топырақ құрамы тропикалық өсімдіктердің талаптарына сай байытылған. Өнім көлемін арттыру үшін тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Мұнда 20 шақты ауыл тұрғыны тұрақты жұмыс тапқан.

"Айлығымыз 250 мың. Енді жаңа жылдан кейін қосамыз деп жатыр. Банан шартарапқа кетіп жатыр." Қобыланды Шәмшиев, жұмысшы

Сайрам ауданының банандары бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлерінде сатылымға шығарылуда. Өнімнің өзіндік құны келісіне 500-600 теңге. Мамандар алдағы уақытта оның көлемін екі есеге арттырып, ел нарығын қамтымақ.

Айта кетейік, бүгінде Сайрам ауданында бананнан бөлек, лимон, құрма сынды экзотикалық жемістер де өсіріліп жатыр.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!