Этика талаптарын бұзған депутаттар қалай жазаланатыны белгілі болды

13:53, 8 мамыр 2026

© Сурет: Zakon.kz/Оксана Даирова

Қазақстанда депутаттар этика талаптарын бұзса, сөз сөйлеу құқығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдос Сарым 2026 жылғы 8 мамырда Үкімет кулуарында айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Айдос Сарымның айтуынша, этика нормаларын бұзған депутаттарға айыппұл салу қарастырылмаған. Оның орнына бірнеше тәртіптік жаза түрі енгізіледі.

"Ескерту жасау, бір отырысқа немесе үш отырысқа дейін сөз беру құқығынан айыру секілді шаралар болады. Бұл – жаңа парламенттік әрі саяси мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететін маңызды тетік", – деді депутат.

Оның сөзінше, егер депутат сөз құқығынан айырылса, ол депутаттық сауал жолдай алмайды және заң жобаларын талқылау кезінде сұрақ қою мүмкіндігінен де қағылады.

"Яғни оған сөз берілмейді, микрофоны қосылмайды", – деп нақтылады Айдос Сарым.

Сондай-ақ депутат мандатынан айыру тәртібі де аздап өзгертілгені айтылды.

Айдос Сарымның мәліметінше, депутат екі жағдайда мандатынан айырылуы мүмкін.

"Біріншісі – депутат партиялық тізім арқылы сайланғандықтан, егер ол партияның ұстанымын орындамаса немесе партия беделіне нұқсан келтірсе, партияның өзі мандаттан айыру мәселесін көтере алады. Екінші жағдайда, егер депутат қылмыс жасаса, іске мемлекеттік органдар араласады. Мұндай кезде арнайы заңдық тәртіппен шешім қабылданады,- деді ол.

Бұған дейін ОСК Құрылтай сайлауына кететін шығын туралы пікір білдіргенін жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!