Есірткіге қарсы күрес: 10 айдың қорытындысы және «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижелері

11:56, 7 қараша 2026
MKZ: 1576455

© Ербол Қайырбеков. Сурет: Ұлытау облысының әкімдігі

2026 жылғы 6 қарашада Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде "Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының 2026 жылғы 10 айында атқарылған іс-шаралары" тақырыбында брифинг өтті.

Брифинг спикері — Ұлытау облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қайырбеков Ербол Қазбекұлы.

2026 жылдың 10 айында облыс аумағында есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 81 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде заңсыз айналымнан 389 кг-нан астам түрлі есірткі құралдары тәркіленді.

Есепті кезеңде есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар үш қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, есірткі жеткізу арналарының жолы кесілді. Сонымен қатар Қаражал қаласында құрамында есірткі құралдары бар өсімдіктерді өсіруге арналған фитозертхана анықталды.

Нашақорлықтың алдын алу бағытында облыс бойынша 1 036 профилактикалық іс-шара өткізіліп, 52 958 адам қамтылды. Профилактикалық жұмыстарға мемлекеттік органдар, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, жастар мен волонтерлік бірлестіктер тартылды.

Есірткінің интернет кеңістігінде таралуына қарсы іс-қимыл шеңберінде құқыққа қайшы контенті бар 2 726 интернет-ресурс бұғатталды. Сондай-ақ есірткі жарнамасы бар жазуларды анықтау және жою бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Ұлытау облысы Полиция департаменті есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл, олардың заңсыз айналымының жолын кесу және жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бағытындағы кешенді жұмыстарды "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында жалғастырады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!