Ешкім медициналық көмек пен білім алу құқығынан айырылмайды – Балаева

15:28, 7 ақпан 2026

© Сурет: gov.kz

ҚР премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2026 жылғы 7 ақпанда Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында еліміздің Ата Заңы жобасының кейбір нормаларын түсіндіруді жөн деп тапты, деп хабарлайды корреспондент Zakon.kz.

Оның айутынша, әлеуметтік желіде мемлекет кепілдік беретін білім беру мен денсаулық сақтаудағы әлеуметтік міндеттемелер қысқартылады деген жаңсақ пікір тарап жатыр

"Жаңа Конституция жобасының преамбуласы мен бірінші бабында еліміздің әлеуметтік мемлекет екені нақты әрі айқын жазылған. Ешкім медициналық көмек пен білім алу құқығынан айырылмайды. Бұл арада мына нәрсені айқын түсінуіміз керек: "тегін" деген ұғым құқықтық тұрғыдан нақтырақ: "азаматтар ақы төлемей, заңда белгiленген тәртіппен медициналық көмек алуға құқылы" деген тұжырымдамамен алмасты. Яғни, азаматтардың ақысыз негізде көмек алуына мемлекет кепілдік береді. Расында, аталған қызметтер ешқашан өздігінен тегін болған жоқ, олар әрдайым мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келді. Осыған байланысты айтылып жүрген кез келген пайымның ешқандай негізі жоқ", - деді вице-премьер.

Балаева мемлекеттік бюджеттің шамамен 40%-ы әлеуметтік салаға бағытталғанын еске салды.

"32 және 33-баптарда азаматтардың тегін медициналық көмек алу және бастауыш және орта білім алу құқығын бекіту адами капиталды дамытудың берік негізі болып табылады. Сонымен қатар, осы баптардың 3-тармағында көзделген ақылы қызметтерді алу құқығы да азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтетін маңызды норма болып табылады. Жалпы, ұсынылған құқықтық тәсілді негізді деп санаймын", - деп атап өтті Мәдениет және ақпарат министрі.

Дегенмен, ол осы баптардың кейбір тұжырымдары мазмұндық жағынан нақтылауды қажет ететінін де айтты.

"33-баптың 1-тармағында "бастауыш және орта білім беру" тіркесін "орта мектеп" немесе "жалпы білім беру" деген ұғымдарға ауыстыруды ұсынамын. Құқықтық тұрғыдан алғанда, біздің елімізде білім берудің құжаттық дәлелі 9 және 11-сыныптарды бітіргеннен кейін ғана беріледі. Сондай-ақ, "мемлекеттік" деген сөзді 33-баптың 2-тармағынан алып тастауды ұсынамын: "Қазақстан Республикасының азаматы заңға сәйкес жоғары оқу орындарында конкурстық негізде жоғары білім алуға құқылы". Бұл норма Конституцияның бұрынғы редакциясының жұрнағы болып табылады және жоғары білім саласындағы қазіргі заманғы өзгерістерге сәйкес келмейді", – деп атап өтті Аида Балаева.

Ол бүгінде барлық мемлекеттік университеттер коммерциялық емес акционерлік қоғамдар мәртебесінде жұмыс істеп жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар, азаматтар мемлекеттік университеттерде ғана емес, жеке университеттерде де тегін жоғары білім алу құқығын жүзеге асыра алады.

"Жаңа Конституцияның жобасында дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты бөлініп көрсетілген, ал білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты конституциялық деңгейде бекітілген. Көпконфессиялы қоғамдағы білім берудің зайырлы сипаты жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ, Конституцияда неке ерікті таңдау мен тең құқықтарға негізделген ерлер мен әйелдердің одағы екендігі нақты көрсетілген. Бұл норма отбасы институтының қоғамдағы маңыздылығын көрсетеді. Менің ойымша, бұл қағидатын өзін дәлелдеген. Бұл отбасының тұрақтылығын нығайтуға, дәстүрлі құндылықтарды құқықтық деңгейде қорғауға, сондай-ақ әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін нығайтуға ықпал етеді", деп сөзін түйіндеді министр.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!