Ертіс-Баян өңіріндегі көне құлыптастарда не жазылғаны анықталды

17:22, 13 тамыз 2020

Павлодар облысында бұрын оқылмаған арабжазулы құлпытастар зерттелді. Зерттеу барысында жаңа тарихи деректер анықталды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы тарихи материалдарды зерттеу бойынша республикалық ақпараттық орталығының "Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті" бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жобасы бойынша 2020 жылдың 28 шілдесі мен 7 тамызы аралығында Павлодар облысының арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштерін зерттеу мақсатында ғалымдар - Дина Медерова, Бағдат Дүйсенов, Құралай Құрманбаева Ертіс-Баян өңірінде ғылыми экспедицияда болды.


Арабжазулы эпитафияларды оқыған институттың аға ғылыми қызметкері, арабтанушы - Бағдат Дүйсенов.

- Экспедиция барысында 50-ге жуық құлпытас зерттелді. Құлпытастардың көбі - Баянауыл ауданында. Облыстағы құлпытастар туралы ПМПУ жанындағы Margulan Centre орталығының мамандарымен алдын ала хабарластық. Сондай-ақ ел арасындағы өлкетанушылар жол бастады, - деді Бағдат Дүйсенов.


Бағдат Дүйсенов Ақкөл-Жайылмадағы Қожалар қорымында болғандарын және Исабек ишанның басына қойылған құлпытаста жаңа дерек анықталғанын атап өтті.

- Бұл жерде бұрын оқылмаған арабжазулы ескерткіштер оқылды, аударылды. Исабек ишанның дүниеден өткен күні әртүрлі айтылатын. Нақты бір дерек болған жоқ. Осы экспедицияда ишанның басына қойылған құлыптаста қайтыс болған жылын оқыдық. Құлпытаста араб тілімен ишанның Хижра күнтізбесі бойынша 1300 жылы 9 рамазанда, дүйсенбі күні көз жұмғаны жазылған. Бұл 1883 жылдың 30 шілдесіне сай келеді. Жалпы Исабек ишанның құлпытасы – ерекше. Бұндай құлпытасты бұрын кездестірмегенбіз, - деді Бағдат Дүйсенов.


Институттың аға ғылыми қызметкері құлпытастарға күтім керек екенін және әлі зерттелетін дүниелер көп екенін айтты.

- Құлпытастардың бәрі - тарихи анық айғақтар. Әлі зерттеуді қажет етеді. Халық ұмытып қалған. Баянауылда қай құлпытас кімдікі екенін шатастырып жүрген жағдай да анықталды. Қай жерде қандай құлпытас бар екені туралы енді хабар кеп жатыр. Сондай-ақ далада, жаңбырдың астында құлпытастар қирап, күннен-күнге шөгіп жатыр. Кейбіріне бетон құйып бекіткен кезде жазулар астында қалып қойған. Қорымдарда үлкен тұлғалар жатыр. Мұның бәрі - біздің мәдениетіміз. Қоршауға алу керек. Мамандармен түзету қажет. Біз институт жобасымен зерттеп, өзімізге белгілеп алдық. Өңір басшылығы жоба ретінде тапсырыс беріп, қолдау танытса, біз қолға алуға дайынбыз, - дейді Бағдат Дүйсенов.

Айта кетейік, Ертіс-Баян өңіріндегі экспедиция барысында оқылған құлпытастарда Құран аяттары, Шығыстың танымал ақындарының өлең жолдары, мадақ жырлар кездеседі. Мадақ жырларда тұлғаның шыққан тегі, ұстанған жолы, атқарған еңбегі туралы мәлімет алуға болады.

Оразбек Саяхат


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!