Енем мен қайынбикелерім қосылып ұрады

09:32, 4 мамыр 2020

Төтенше жағдайда әйелдерге төнетін қауіп те күшейді. Әлеуметтанушылардың мәлімдемесі елімізде болып жатқан жағдайларға негізделген. Карантин жарияланғалы көп еркек, іші пысқаннан ба, әлде күйзелістен бе, жарына жұдырық ала жүгіретін болыпты. Онсыз да табысы тұрақсыз күйбең тіршіліктен түңілген адамдарды төрт қабырғаға қамалу тіпті тентек қылып жібереді.

Әлем бойыша тұрмыстық зорлық-зомбылық күрт артты деп БҰҰ да дабыл қағып жатыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

"Қазір карантин уақытында мен де үйдемін. Енеме жақпадым. Енем ұрады, мені де ұрады, қыздарымды да ұрады".


Атын атап, бет-жүзін көрсетпеуді өтінген келіншек күйеуінен емес, енесі мен қайынбикелерінен зәбір көргенін айтады. Қорлыққа шыдамаған соң үш баласымен елордадағы "Қорғау-Астана" дағдарыс орталығын паналаған.

Енесінен қорлық көрген келіншек:

- Күйеуіңіз қол көтереді ма?

- Күйеуім осы уақытқа дейін қол көтеріп, ондай болмаған. Екеуіміз жақсы өмір сүрдік. Енемнің айтқан ұрысынан соң қол көтерді сол уақытта. Мен үйден қашып шықтым. Екі қайынбикем арқамыздан қуалады. Үшеуі де ұрады мені жабылып, мен аяқ-киімімді қолыма алдым да, жалаңаяқ үйден қашып кеттім. Екі остановка қайынбикем қуалап келді. Мен такси тоқтатып кетіп қалдым.

Келіншек балапандарының болашағына алаңдаулы. Отбасында небір сұмдықты көрген қыздарының психологиясы да бұзылғанын айтады. Тіпті туған әжесі 1 жарым жасар немересін ұрып, жыласа суық балконға қамап қояды екен.

"Қыздарымды мен қорғамайтын едім, қорғамағаным дұрыс болмапты. Менің үлкен қызым уже психикасы бұзылған"


- Невропотолог керек деді, дәрілер ішу керек. Және психолог детский, сондай бір орталықтарға жіберіңіз деді. Өйткені ашуланып, өзінен-өзі айтқаны болмай қалса басын тырнап-тырнап, уже шашының төбесі бәрі жара-жара, басын тынайды, шашын жұлады.

- Жасы қаншада?

- Бесте, өзіне солай жасайды.

Карантин кезінде кейбір отбасылардағы жағдайдың ушыққанын мекеме басшылығы да растап отыр. Алайда бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты күніне 15-20 қоңырау қабылданса, қазір азайған. Себебі күйеулері үйде болғандықтан қорқады, дейді. Дегенмен күніне барар жер, басар тауы қалмаған бір отбасы келеді екен.

Анна Рыль, "Қорғау-Астана" Дағдарыс орталығының директоры:

"Карантин басталғалы бері бізге 18 әйел 21 бала келіп түсті. Бұл өте үлкен көрсеткіш, біз бұған дайын болған жоқпыз. Неге десеңіз, мемлекеттік дағдарыс орталығы карантинге жабылуына байланысты, қазір біз жалғыз қалдық. Оның ішінде қуанышқа орай үш отбасын татуластырып, өз үйлеріне қайтардық. Тағы екі отбасына орын болмағандықтан еріктілердің көмегімен пәтер жалдап бердік".

Бұл - бір ғана Нұр-Сұлтандағы орталықтың мәліметі. Ал жалпы карантин кезінде елімізде нақты қанша қыз-келіншектің таяқтың астында қалып, қаншасына күш қолданып жатқаны белгісіз. Психологтар да карантин кезінде үйде ыдыс-аяқ жиі сылдырлайтынын растап отыр. Ал 4 қабырғаға қамалып үйде отыру - жағдайды ушықтырып жіберді, - дейді.

Жадыра Хусаинова, психолог:

"Біздің орталыққа түскен жандардың жағдайы психологиялық-эмоционалдық тұрғысынан тым ауыр. Бастапқы кездері әйелдер де, балалар да жиі жылап келетін. Олар көбіне карантин кезінде сыртқа шыға алмайтындықтан араша сұрап, ешқайда бара алмайтындар немесе жылдар бойы шыдап жүріп жағдайды ушықтырып алғандар. Мен айтудан шаршамаймын, бұл жағдайдан ең алдымен зардап шегетін бала. Сондықтан бізге түскен кез келген баланы ең алдымен невропатолог маманына көрсетеміз".

Әйелдердің әлеуметтік ахуалы әлем бойынша басты назарда. Өйткені әлемдегі әрбір бесінші әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Ал аталған жағдайға тап болғандар Дағдарыс орталығында уақытша баспанамен қамтылады. Оларға психологтер мен заңгерлер тегін кеңес береді.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!