Ең ауқатты қазақстандықтар қай өңірде тұрады
© Фото: Zakon.kz
2025 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша Қарағанды облысы Қазақстан өңірлері арасында ең ауқатты тұрғындардың орташа табысы бойынша алғаш рет көш бастады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы 22 желтоқсанда Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенген Бірінші кредиттік бюроның сарапшылары мәлімдеді.
Есептеулерге сәйкес, шілде–қыркүйек айларында Қарағанды облысындағы ең бай 10% тұрғынның жан басына шаққандағы орташа айлық табысы 413,2 мың теңгені құраған. Бұл – ел бойынша орташа көрсеткіштен (272,7 мың теңге) 1,5 есе жоғары. Қазақстанның басқа бірде-бір өңірінде ауқатты топтың табысы мұндай деңгейге жетпеген.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросы халықты табысына қарай тоқсан сайын 10 тең топқа бөледі. Соңғы топқа ең жоғары табысқа ие 10% тұрғын кіреді. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, "бай" ұғымы шартты сипатқа ие: III тоқсанда бұл топқа ену үшін орташа айлық табыстың 189,2 мың теңгеден жоғары болуы жеткілікті болған. Ал осы топтағы табыстың жоғарғы шегі 1,9 млн теңгеге дейін жеткен.
Сарапшылар Қарағанды облысы бұған дейін де ауқатты тұрғындардың табысы жоғары өңірлердің алғашқы бестігіне кіріп келгенін, алайда мұндай жоғары көрсеткіш бұрын тіркелмегенін атап өтті.
Табыстың күрт өсуінің ықтимал себептерінің бірі ретінде сарапшылар статистикалық іріктеудің ерекшелігін көрсетеді. Табыс туралы деректер шамамен 12 мың үй шаруашылығына жүргізілген сауалнама негізінде қалыптастырылып, бүкіл ел халқына үлестіріледі. Осыған байланысты ағымдағы кезеңде Қарағанды облысы бойынша іріктеуге табысы жоғары үй шаруашылықтары көбірек түсуі мүмкін деген болжам бар.
Ауқатты тұрғындардың табысы бойынша екінші орында Павлодар облысы тұр – жан басына шаққанда 360,8 мың теңге. Бұрын көш бастаған Астана үшінші орынға түсіп, көрсеткіш 353,3 мың теңгені құрады (2024 жылдың III тоқсанында – 480,1 мың теңге). Алматы төртінші орынға жайғасқан – 336,2 мың теңге.
Бұл есепте табыс деп тұтынуға жұмсалған қаражат, соның ішінде тұтыну шығындары, жеке өндірістен алынған өнімнің құны және алынған трансферттер есепке алынған.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:02, 23 желтоқсан 2025
Денсаулық сақтау министрлігі «Kinder» өнімдері жайлы тараған ақпаратқа түсініктеме берді
-
15:57, 23 желтоқсан 2025
Рудныйдың жылу желілерін жекешелендіру әзірге ерте – Құмар Ақсақалов
-
15:45, 23 желтоқсан 2025
23 желтоқсандағы саудада доллар бірден бес теңгеге арзандады
-
15:36, 23 желтоқсан 2025
Үкімет 2026 жылы бизнеске қосымша қаржылық қолдау көрсетеді
-
15:27, 23 желтоқсан 2025
Қазақстанда салық есептілігі қысқартылып, оны тапсырмағаны үшін айыппұл салу тоқтатылады





