Елордалық спортшылар жұртты КВИ-ге қарсы екпе алуға шақырды

16:15, 23 шілде 2021
149

© Сурет: astana.gov.kz

Елордалық спортшылар мен жаттықтырушылар коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату үшін қала тұрғындарын екпе алуға шақырады. Олардың көбі вакцинаның екінші компонентін алды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Спортшылардың басым бөлігі КВИ-ге қарсы вакцинаның екі компонентін де алып, қазір оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қатысуын жалғастыруда. Муай-тай бокстан ҚР құрамасының мүшесі Ерқанат Оспан мен киокушункай каратэ бойынша әлем кубогының жүлдегері Әмір Сабыров вакцинациядан өтті және бұл жақындарын вирустан қорғаудың жалғыз тәсілі деп санайды.

Мен "Керуен" сауда ойын-сауық орталығына келдім. Біз қазақстандық вакцинаны аламыз. Менің ойымша, ел тұрғындарының бәрі вакцина алуы керек. Бұл ең алдымен жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін қажет, - деп атап өтті Ерқанат Оспан.

Мен жарты ай бұрын вакцинацияландым, енді екінші компонентін аламын. Екпені ең алдымен, отбасыма және жақындарыма қамқорлық жасау үшін аламын. Барлық қазақстандықтарды вакцина алуға шақырамын. Бұл пандемияны жеңудің жалғыз жолы деп ойлаймын, - деді Әмір Сабыров.

ММА бойынша Нұр-Сұлтан қаласы құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрлан Қарабалин де халықты жаппай вакцинациялау ғана пандемияны жеңуге көмектеседі деп есептейді:

[quote"]Біз, ММА бойынша Нұр-Сұлтан қаласы құрамасының спортшылары вакцинациядан өттік. Екі компонентті де алдық, енді вакцинация төлқұжатымыз бар. Барлық азаматтарымызды вакцинациялануға шақырамын және бәріміз бірге осы ауруды жеңіп, сау болайық!"

Ату спортынан ҚР құрама командасының мүшесі әрі дәрігер Диасбек Абенов вакцинаны алғашқылардың бірі болып алды. Тәжірибелі дәрігер ретінде ол иммундаусыз вирусты жеңу мүмкін емес деп есептейді.

Вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейінгі өз әсерімен панкратионнан ҚР чемпионы Имран Тайсұлтанов та бөлісті:

"Мен бүгін ғана вакцина алдым, денсаулығым жақсы, ешқандай өзгеріс жоқ. Өзіңізді осы аурудан қорғау үшін вакцинаны дер кезінде алу өте маңызды".

Спортшылар вакцинацияға ешқандай жағымсыз реакциялар байқалмағанын айтады.

Мен спортшы болғандықтан шетелге жиі ұшамын, сондықтан маған вакцинация қажет болды. "Спутник V" вакцинасын алдым, ешқандай жанама әсер болған жоқ, өзімді жақсы сезіндім. Сондықтан мен ел азаматтарын вакцинациялануға шақырамын, - деді джиу-джитсудан спорт шебері Галина Дуванова.

Мен жақында вакцинациядан өттім, екпе алғаныма өте қуаныштымын. Соның арқасында мен кез-келген жерде, кез-келген мекемеде жүре аламын, шетелге де бара аламын, - деді таэквондошы Айтуар Шайкенов.

Еске сала кетейік, елордада демалыссыз жұмыс істейтін 100-ден астам егу пункті ашылды. Коронавирусқа қарсы вакцинацияны БМСК мекемелерінде, қаланың медициналық ұйымдарында және ірі сауда ойын-сауық орталықтарында жүргізеді.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтанда COVID-19 вакцинасының бірінші компонентімен 323 мыңға жуық адам егілді, 210 мыңнан астам азамат толық иммундаудан өтті.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір