Еліміздегі миллионыншы тұрғындары қай қалаларда тұрады?

21:08, 3 қаңтар 2017

Миллиондар арасындағы ерекше жандар. Оларға әрдайым көптің ықыласы жоғары.

Себебі миллионыншы болып өмірге келу әркімге бұйыра бермейді. Қазақстан Тәуелсіздік алғалы халқымыздың саны 17 млн-нан асты. Орташа өмір сүру жас ұзақтығы - 62 жас.

Еліміздегі 15 және 17 миллионыншы тұрғындар қайда тұрады? Астананы миллионер қала атандырған баланың бүгінгі өмірі жайлы келесі сюжетте.

Миллиондар десе, алдымен ойымызға Астана түседі. Биыл елорда миллиондық межені бағындырғаны белгілі. 3 келі болып туылған Саида бір күннің ішінде күллі Қазақстанға танымал болды.  

Қала билігі жас отбасының қуанышын еселеп, 2 бөлмелі пәтер тарту етті. Арайлым: «Тұңғышымыз өмірге келгелі бәрі өзгерді», – дейді. 

Арайлым Мұхамедияр, елордалық миллионыншы тұрғынның анасы

-Далада жүрген кезде адамдар тани бастады. «Ой, сендер миллионыншы тұрғынның ата-анасы емессіздер ме?» деп сұрақ қоя бастады. Содан кейін жаңа пәтерге көштік. Ремонт жасап берді.

Саиданың әкесі Олжас электрик. Атасы 5 айлық Саиданы қолынан тастамайды. Немересінің ерекше ілтипатқа бөленгеніне дән риза. 

Арайлым Мұхамедияр, елордалық миллионыншы тұрғынның анасы

-Бұрын жас кезде ештеңені ойламай жүре беретінбіз. Қазір енді бала бар.

15 млн-ға жеттік» деп «Хабардан» жар салғанымыз күні кеше. Зымыраған уақыт. 2004 жылы өмірге келген Перизат тұлымшағы желбіреген жеткіншек. Сыңары бар. Жұбы жазылмайтын егіздер Өскенбаевтар әулетінің сүт кенжесі. Биыл Перизат пен Бекзат 7 сыныпта оқиды. Білімге құштар. 

Бекзат Өскенбаев, 15 миллионыншы тұрғын

-Біз Перизат екеуміз 15 миллионыншы болып Аягөз қаласында 21-мамырда дүниеге келдік. Біз екеуіміз сабақты бірге оқимыз

Ал 17 миллионыншы ел тұрғыны Сайрамда дүниеге келген. Алтынбек Есқараның есімі ел тарихында қалары анық. Нәресте отбасындағы төртінші ұл.  

Кеше бесiкте жатқан құртақандай сәби бүгiнде зыр жүгiрген бала. Былдырлап сөйлейді. Алтынбек анасымен бірге алғаш рет Президент шыршасына қатысты. 

Алтынбек Есқара, 17 миллионыншы тұрғын

-Аяз ата келді, бізге сәлем берді. Қалтасында шоколад, оны бізге берді.

Ғажабы сол, 11-ші миллионыншы қазақ та оңтүстікте туған. Мәртебелі дәреже Мұхтар Әбдірахым есімді балақайдың маңдайына жазылыпты. Ол дүниеге келгенде елдегі қазақтың үлесі 66%-ға жетті. 

Биыл Мұхтар 4 жаста. Кішкентай балақай өзінің миллиондар арасындағы ерекше жан екенінен бейхабар. Бар зейіні төбесі көк тіреп, шырағданы жалт-жұлт еткен шыршада. Елбасының ерекше тартуы балақайды қуанышқа бөледі. 

Саида, Алтынбек, Мұхтар, Перизат пен Бекзаттар егемен елдің ертеңі. Тарихта талай теперіш көрген халқымыздың саны тежелгені рас. 

«Елге ел қосылса құт». 2005 жылдан бері халықтың табиғи өсімі байқалады. Демографиялық дүмпудiң денi ауылда. Қазіргі таңда халықтың саны 17 млн-нан асты. 

Авторлары: Әсем Қабылбек, Нұрбек Байбосын, Олжас Керейхан, Аманжол Байғазин

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!