Еліміздегі ең ұзын көпір 2024 жылдың соңында пайдалануға берілмек

19:58, 19 қыркүйек 2024

© Сурет: Facebook/Берік Уәли

Екі бірдей облыстың, алты ауданның арасын жалғайтын стратегиялық нысан - ШҚО-дағы екі жолақты автомобиль көпірі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі - Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Осыдан тура 5 жыл бұрын, 19 қыркүйек күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне твиттер арқылы Бұқтырма су қоймасына көпір салу үшін қаржы бөлуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта көпір құрылысы аяқталуға жақын. Екі бірдей облыстың, алты ауданның арасын жалғайтын стратегиялық нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл көпір жергілікті тұрғындар үшін көптен күткен қуаныш, сүйіншілейтін үлкен жаңалық болайын деп тұр. Өйткені Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының Марқакөл, Күршім, Катонқарағай және Көкпекті аудандарының тұрғындары 50 жыл бойы жол азабын тартты. Жазғы уақытта паром арқылы, қыс мезгілінде мұз үстімен жүрді. Талай адамның суға кеткені де жасырын емес. Сондықтан бұл көпірді салудың маңызы жоғары еді", деп жазды Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.

Оның айтуынша, бұл – еліміздегі ең ұзын көпір болмақ. Екі жолақты автомобиль көпірінің жалпы ұзындығы 1316 метрді құрайды. Тәулігіне 80 мың көлікке дейін өткізе алады. Сонымен қатар жоба аясында ұзындығы 18,6 шақырым болатын көпірге қосылатын жаңа автожол құрылысы қарастырылған.

"2019 жылы 18 қыркүйекте "Egemen Qazaqstan" газетінде "Елу жыл бұрынғы ескі паром елді қашанғы әуреге түсіреді?" деген тақырыппен журналист Азамат Қасымның мақаласы жарияланған болатын. Осы мақала көпірдің салынуына арқау болған еді", делінген жазба соңында.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!