Әлеуметтік қызметтер порталында өнім берушілерді тіркеу тәртібі өзгерді
© Фото: pexels
Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2026 жылғы 30 қыркүйектегі бұйрығымен әлеуметтік қызметтер порталында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді тіркеу қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінен алынған мәліметтерге қосымша өнім беруші мына ақпаратты өзі енгізеді:
- өнім беруші туралы мәліметтерді (байланыс телефоны, тіркелген мекенжайы, электрондық поштасы, болған жағдайда сайт мекенжайы), сондай-ақ олардағы өзгерістерді;
- өнім берушінің банктік деректемелерін;
- тауар мен қызмет туралы мәліметтерді, оның ішінде Классификаторға сәйкес атауын, тауардың сипаттамаларын (сауда атауы, артикулы (болған жағдайда), өндірушісі, салмағы, өлшемдері);
- қызмет көрсету және тауар өткізу мекенжайын, оған жылжымайтын мүлікке меншік құқығы немесе оны жалға алу құқығының мемлекеттік тіркелгені туралы мәліметтерді қоса беріп;
- қоймадағы тауар көлемі туралы мәліметтерді, оның сатып алынғанын растайтын құжаттарды, сақтау орны мен шарттарын көрсете отырып;
- санаторий-курорттық ұйымдардағы жалпы орын санын, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар мен оларды алып жүретін тұлғаларға арналған орындарды. Олар ай сайын жалпы төсек-орын санының кемінде 10%-ын құрауы тиіс;
- өнім беруші нысанының жүріп-тұруы шектеулі адамдар үшін қолжетімділігі туралы мәліметтерді, фотосуреттерді қоса тіркей отырып, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға сүйемелдеу қызметтерінің көрсетілуі туралы ақпаратты;
- жабдықтың болуы туралы мәліметтерді, растайтын құжаттарды қоса бере отырып;
- өнім берушінің және (немесе) қызмет көрсететін мамандарының білімі, біліктілігі және жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтерді, дипломдар, сертификаттар және еңбек шарттарын қоса бере отырып;
- жеке көмекші қызметін жеке тұлғалар көрсеткен жағдайда, №075/у нысанындағы медициналық анықтаманың көшірмесін;
- мобильді қосымша арқылы маршрутты тіркей отырып такси шақыруға мүмкіндік беретін ақпараттық-диспетчерлік қызмет операторымен жасалған қолданыстағы шартты;
- тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартын;
- мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға арналған кемінде 10 автокөліктің бар екені туралы мәліметтерді;
- әрбір 10 автокөлікке мүгедектігі бар адамдарды кресло-арбамен тасымалдауға бейімделген кемінде бір инватаксидің бар екені туралы мәліметтерді;
- мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау қызметін көрсету бойынша кемінде үш жыл көлік жүргізу өтілі бар және тиісті оқудан өткен жүргізушілермен қамтамасыз ету туралы мәліметтерді;
- мүгедектігі бар адамдардан тапсырыс қабылдауға арналған диспетчерлік қызметтің болуы туралы ақпаратты;
- инватакси қызметі көрсетілетін елді мекендегі диспетчерлік қызметтің орналасқан жері туралы мәліметтерді.
Растайтын құжаттар порталдағы "Өнім берушінің кабинеті" модуліне электрондық түрде тіркеледі.
Комиссия тіркеуге берілген өтінішті, соның ішінде өнім беруші енгізген және мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінен алынған мәліметтерді 7 жұмыс күні ішінде қарайды.
Өнім берушіні есептен шығарудың жаңа негізі қосылды:
- мемлекеттік рұқсаттар мен хабарламалардың цифрлық тізілімінен шығару.
Мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінен тиісті мәліметтер түскен жағдайда өнім берушінің өтініш беру мүмкіндігі, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың осы өнім берушілерден тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беруі автоматты түрде бұғатталады. Бұл ретте өнім берушінің бұрын жасалған шарттық міндеттемелерін орындауына мүмкіндік беріледі. Цифрлық жүйелердегі мәліметтер апта сайын жаңартылады.
Мүгедектігі бар адам өнім берушінің шарттық міндеттемелерді орындамағанын немесе тиісінше орындамағанын білген күннен бастап 14 күнтізбелік күннен кешіктірмей бұл туралы ақпаратты порталға орналастырады.
Өнім берушінің міндеттемелерді тиісінше орындамағаны немесе орындамағаны туралы ақпаратты Комиссия оны порталға орналастырған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қарайды. Комиссия тауарды немесе қызметті порталдан алып тастау туралы шешім қабылдап, өнім беруші тарапынан бұзушылықтың бар-жоғын анықтайды.
Өнім беруші тіркеуден шығарылған жағдайда Комиссия оның заңды мекенжайы бойынша 2 жұмыс күні ішінде шешім қабылдап, электрондық хаттамаға ЭЦҚ арқылы қол қояды.
Бұл ретте порталдан тіркеуден шығару өнім берушіні сол күнге дейінгі шарттық міндеттемелерін орындаудан босатпайды.
Өнім беруші порталдан мына негіздер бойынша тіркеуден шығарылған жағдайда:
- мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары мен сенімсіз әлеуетті өнім берушілер тізіліміне енгізілген болса, аталған тізілімнен шығарылғаннан кейін қайта тіркеле алады;
- Комиссияның шешімі бойынша тіркеуден шығарылса, қайта тіркеу бір жылдан ерте жүргізілмейді;
- мемлекеттік рұқсаттар мен хабарламалардың цифрлық тізілімінен шығарылған жағдайда, заңға сәйкес аталған тізілімге қайта енгізілгеннен кейін тіркелуге болады.
Порталда өнім берушілер туралы ақпарат сақталады
Қағидаларға жаңа норма енгізіліп, порталдағы өнім берушінің қызметі туралы ақпарат оның тіркелуі мен мәртебесінің өзгеруі, жүргізілген мониторинг нәтижелері, анықталған бұзушылықтар және оларға қатысты қабылданған шаралар туралы мәліметтерді қамтитын болды.
Тауарлар мен қызметтерді порталға енгізу өнім беруші ұсынған мәліметтер негізінде жүзеге асырылады. Өнім беруші тауарлар мен қызметтерді порталға енгізуге өтініш берген кезде мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінде өнім беруші туралы мәліметтер тексеріледі.
Тауарлар мен қызметтерді порталға енгізу жөніндегі Комиссия:
- тауарлар мен қызметтердің және олардың сипаттамаларының Классификатор талаптарына сәйкестігін;
- ұсынылатын тауарларға сәйкестік сертификатының немесе сәйкестік туралы декларацияның болуын;
- мемлекеттік тіркеуге және қайта тіркеуге жататын медициналық бұйымдарға қатысты техникалық қосалқы (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарына тіркеу куәлігінің болуын;
- тауарлардың шығу тегін, сипаттамалары мен бағасын растайтын құжаттардың болуын;
- санаторий-курорттық ұйымдардың мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігін;
- тауар, қызмет және оның суретінде олардың сипаттамасына қатысы жоқ ақпараттың болуын, соның ішінде қағидаларда көзделмеген қосымша талаптар, жарнама, акциялар, қосымша тауарлар мен ақшалай сыйақылардың орналастырылуын;
- осы өнім берушінің аталған тауар моделіне қатысты қолданыстағы өтінімнің болуын;
- инватакси қызметін көрсететін өнім берушінің такси қызметін реттейтін талаптар мен мемлекеттік стандарттарға сәйкестігін;
- еңбек шарттары мен әлеуметтік төлемдер негізінде өнім беруші қызметкерлерінің штаттағы саны туралы мәліметтерді; тауарлардың электрондық шот-фактуралардың цифрлық жүйесіндегі қозғалысы туралы мәліметтерді қарайды.
Комиссия өтініш түскен күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды. Комиссия мүшелері шешімге ЭЦҚ арқылы қол қояды.
Шешім негізінде мемлекеттік орган қызметкерінің "Жұмыс орны" модулінде 1 жұмыс күні ішінде электрондық хаттама қалыптастырылады.
Комиссия шешімінен кейін "Өнім берушінің кабинеті" модулінде өтініш мәртебесі көрсетіледі.
"Мақұлданды" мәртебесі берілген жағдайда тауарды өткізуге Комиссия шешімі шыққан күннен бастап 2 жылға рұқсат беріледі. Қызметтерді көрсетуге мерзімдік шектеу қойылмайды.
Ал "Бас тартылды" мәртебесі берілген жағдайда бас тарту себептері көрсетіледі. Олардың қатарында:
- тауарлар, қызметтер және олардың сипаттамаларының Классификатор талаптарына сәйкес келмеуі;
- сәйкестік сертификатының немесе сәйкестік туралы декларацияның болмауы;
- тиісті медициналық бұйымдарға тіркеу куәлігінің болмауы; тауардың шығу тегін, сипаттамалары мен бағасын растайтын құжаттардың болмауы;
- санаторий-курорттық ұйымдардың мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімсіз болуы;
- тауар немесе қызмет туралы қажетті мәліметтердің болмауы;
- тауар фотосуретінің сипаттамалық мәтінінің болмауы;
- электрондық шот-фактуралардың цифрлық жүйесінде тауар қозғалысы туралы мәліметтердің болмауы;
- қағидаларда көзделмеген қосымша талаптардың, жарнаманың, акциялардың және қосымша тауарлар мен ақшалай сыйақылардың орналастырылуы;
- осы өнім берушінің тауар моделіне қатысты қолданыстағы өтінімнің болуы;
- тауарлар мен қызметтерді өткізуге тиісті лицензияның болмауы;
- инватакси қызметін көрсететін өнім берушінің такси қызметін реттейтін талаптар мен мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмеуі бар.
Бұйрық 18 қазаннан бастап күшіне енеді.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:56, 8 қазан 2026
Денсаулық сақтау жүйесіне кадр қажеттілігін айқындау қағидалары бекітілді
-
16:50, 8 қазан 2026
Маңғыстау облысында жолаушыдан 136 келіден астам бекіре тұқымдас балық тәркіленді
-
16:45, 8 қазан 2026
Мексикалық рестлер жекпе-жек кезінде 75 жастағы төрешінің өліміне себеп болды
-
16:34, 8 қазан 2026
Алматының барлық сегіз ауданында жылу беру мәселесіне жауапты мамандар белгіленді
-
16:23, 8 қазан 2026
Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан президентімен бірлескен жобаларды іске асыру барысын талқылады





