Қазақстандағы тұңғыш антрополог Оразақ Смағұлов 97 жасында қайтыс болды

15:54, 24 қараша 2026
MKZ: 1579478

© Сурет: satbayev.university

Бүгін, 2026 жылғы 24 қарашада Қазақстандағы тұңғыш антрополог Оразақ Смағұлов 97 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

"Қазақ ғылымы орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Қазақстандағы тұңғыш антрополог, көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразақ Смағұловтың қайтыс болуына байланысты қайғыра көңіл айтамын", – деп жазды Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшысы сейсенбі күні өзінің Telegram-арнасында.

Министр Оразақ Смағұловтың отандық антропология ғылымының негізін қалаған бірегей тұлға екенін атап өтті.

"Ол бүкіл өмірін ғылымға арнап, қазақ халқының антропологиялық тарихы мен этногенезін зерттеуге өлшеусіз үлес қосты. Оның ғылыми мұрасы мен ұлттық ғылымды дамыту жолындағы еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Отандық ғылыми ойдың көрнекті өкілдерінің бірі, осындай ғұлама ғалымнан айырылу – бүкіл ғылыми қауымдастық пен еліміз үшін орны толмас қаза. Оның жарқын бейнесі, өнегелі өмір жолы мен ғылыми мұрасы ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына, әріптестері мен шәкірттеріне шын жүректен көңіл айтамын. Олардың қайғысына ортақтасып, осы ауыр қазаны еңсеруге сабыр мен рухани күш тілеймін", – деп түйіндеді Саясат Нұрбек.

Zakon.kz редакциясы Оразақ Смағұловтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады.

Оразақ Смағұлов – кеңестік және қазақ антропологі, ұлттық антропология мектебінің негізін қалаушы, популяциялардың генетикалық құрылымын зерттеуші. Ол – тарих ғылымдарының докторы (1984), профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі (2003 жылдан, 1994 жылдан корреспондент-мүшесі), Болон ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты (1990), ҚР еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері (1998).

Ол ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Қазақстандағы алғашқы этникалық антропология зертханасын, сондай-ақ ҚР Орталық мемлекеттік музейінде физикалық антропология зертханасын ұйымдастырды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!