Димаш Колумбияға алғаш барды. Әнші Богота әуежайында жанкүйерлері қалай қарсы алғанын көрсетті

09:26, 23 қараша 2026
MKZ: 1579146

© Сурет: ru.dimashnews.com

2026 жылғы 21 қарашада әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Колумбияның астанасы Боготаға келді, деп хабарлайды Zakon.kz. Қазақстанның 32 жастағы халық әртісі әуежайдағы кездесудің видеосын Instagram парақшасында жариялады.

Әншінің командасы жанкүйерлердің Димашты қалай қарсы алғанын баяндады.

"Богота әуежайына қазақстандық әншіні қарсы алуға көп жанкүйер жиналды. Димаш көрінген сәтте-ақ жұрт қошемет көрсетіп, қол соғып, оның есімін бір дауыспен айта бастады. Колумбиялық Dears қолдарына плакаттар мен тулар ұстап, әншіні күлімсіреп қарсы алды. Жанкүйерлер испан тілінде хормен сәлемдесіп, Димашқа деген сүйіспеншілігін білдірді. Көптен күткен кездесуді естелікке түсіріп алуға тырысты. Әуежайда "¡Dimash! ¡Dimash!" және "¡Bienvenido a Colombia!" ("Колумбияға қош келдің!") деген дауыстар қайта-қайта естіліп, нағыз мерекелік көңіл күй орнады", – делінген хабарламада.

Богота – Димаштың DIMENSIONS әлемдік турнесінің Латын Америкасындағы келесі аялдамасы. Мексикадағы концерттерінен кейін әнші аймақ көрермендерін өз бағдарламасымен таныстыруды жалғастырып келеді. Бағдарламада түрлі тілде орындалатын әндер мен авторлық туындылар қамтылып, әр халықтың музыкалық дәстүрлері тоғысқан.

Димаштың Боготадағы концерті жергілікті уақытпен 22 қараша күні сағат 20:00-ге, яғни Астана уақытымен 23 қараша күні сағат 06:00-ге жоспарланған еді. Концерт өтетін орын ретінде Колумбия астанасындағы ең ірі концерт алаңдарының бірі – Movistar Arena таңдалған. Қазір ол El Corazón de Bogotá Arena атауымен белгілі.

Теусакильо ауданында орналасқан арена – Боготаның музыкалық және мәдени өміріндегі басты орталықтардың бірі. Заманауи кешен ірі концерттер, халықаралық шоу-бағдарламалар, спорт жарыстары және өзге де ауқымды іс-шаралар өткізуге арналған. Іс-шараның форматына қарай аренаға 14 мыңға дейін көрермен сыяды.

Әр жылдары бұл сахнада Марк Энтони, Андреа Бочелли, Шакира, Алехандро Фернандес, Андре Рьё, The Offspring және Morat топтары, сондай-ақ Колумбия мен өзге елдердің танымал өнерпаздары өнер көрсеткен. Арена халықаралық деңгейде де танымал. 2024 жылы беделді халықаралық Pollstar басылымының рейтингі бойынша Movistar Arena әлемде көрермен ең көп жиналған алты концерт алаңының қатарына енді.

Осы сахнада өтеді деп жоспарланған концерт – Димаштың Колумбиядағы алғашқы жеке концерті әрі DIMENSIONS атты жаңа әлемдік турнесінің Латын Америкасындағы жалғасы.

Әншінің командасы Димаштың фотосуреті де Боготадағы Movistar Arena жұлдыздар галереясына қойылғанын хабарлады. Арена қабырғаларында әр жылдары осы сахнада өнер көрсеткен әншілердің фотосуреттері мен концерт афишалары ілінген. Олардың арасында Марк Энтони, Андреа Бочелли, Шакира және өзге де әлемдік музыка жұлдыздары бар.

2026 жылғы 20 қарашада Димаш Құдайбергенге Мексикада бокстан құрметті белбеу табысталғаны белгілі болды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!