Депутат қауіпті пранктер мен арандатушылық эфир жүргізетіндердің жазасын күшейту керектігін айтты

16:18, 10 қыркүйек 2026
MKZ: 1566169

© Фото: unsplash

Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантаұлы 2026 жылғы 10 қыркүйекте өткен пленарлық отырыста Қазақстанда "треш-стриминг" ұғымына заңнамалық тұрғыда нақты анықтама беру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өзінің Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолдаған депутаттық сауалында Жарқынбек Амантаұлы бүгінде әлеуметтік желілер қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, миллиондаған адам күн сайын TikTok, Instagram және басқа да платформаларды пайдаланады. Тікелей эфирлердің аудиториясы да артып келеді.

"Бұл – цифрлық дамудың бір көрінісі. Алайда оның кері жағы да бар. Тікелей эфирлерде балағат сөздер жиі айтылып, адамдарды қорлау, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсіту, қауіпті пранктер ұйымдастыру жағдайлары көбейіп келеді. Кейбір стримерлер мұны әдейі жасайды. Себебі дөрекі әрі арандатушылық контент көп қаралым жинайды. Ал қаралымдар лайк пен донатқа, кейде жарнамадан түсетін табысқа айналады. Осылайша, кей жағдайларда заңға қайшы әрекеттер ақша табудың құралына айналады", – деп есептейді депутат.

Оның айтуынша, әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлер барған сайын коммерциялық сипат алып келеді.

"Кейбір стримерлер көрермен санын көбейту үшін әдейі жанжал туындатады. Адамдарды мазақтап, қорлайды. Тіпті тікелей эфирлерде ауызға алудың өзі ыңғайсыз әрекеттер де жиі жасалады. Сонымен бірге мұндай эфирлерді кәмелетке толғандармен қатар, мыңдаған кәмелетке толмағандар да көруі мүмкін. Мысалы, Қытайда пранк ұйымдастырған Қазақстан азаматы жауапкершілікке тартылды. Ол қоғамның назарын аударуға тырысып, еліміздің беделіне нұқсан келтірді... Біз сөз бостандығын шектеуді ұсынып отырған жоқпыз. Керісінше, сөз бостандығы мен жауапкершіліктің арасындағы шекара нақты белгіленуі керек", – деп қосты депутат.

Осыған байланысты ол Үкіметтен "треш-стриминг" ұғымына нақты заңнамалық анықтама беруді және тікелей эфирлерде зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен қасақана арандатушылық әрекеттерді насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді сұрады.

Сонымен қатар депутат мынадай ұсыныстар айтты:

  • TikTok, Instagram, YouTube және басқа платформалармен бірлесіп, заңға қайшы тікелей эфирлерді жедел анықтап, бұғаттаудың, сондай-ақ олардың авторларын анықтаудың тиімді тетігін қалыптастыру;
  • азаматтарды олардың келісімінсіз тікелей эфирге шығарған жағдайда, сондай-ақ олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірілген кезде жәбірленушілердің құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту;
  • тікелей эфирлер мен әлеуметтік желілердегі заңға қайшы контентті тұрақты бақылауға арналған бірыңғай мемлекеттік жүйе құрып, оның нәтижелері туралы қоғамды ашық ақпараттандыру.

Бұған дейін депутат Жанарбек Әшімжанов 16 жасқатолмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуін шектеу тетігін нақтылаудыұсынған еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!