Қырғызстандық продюсер: қазақстандықтар Канье Уэстті «тартып алды» - енді Шакираның концерті де күмәнді

16:40, 10 қыркүйек 2026
MKZ: 1566177

© Сурет: Instagram/shakira

Колумбиялық әнші Шакираның Бішкектегі концерті үлкен сұрақ тудырып отыр. Қырғызстан тарапы әзірге әншімен ресми келісімшартқа қол қоймаған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы қырғызстандық продюсер, Gamma Media Group-тың бас директоры Ислам Сатаров 24.kg басылымына берген сұхбатында айтты.

Оның айтуынша, Қырғызстан тарапы Шакираны Бішкекке концерт беруге шақыру үшін халықаралық VProject компаниясымен келіссөз жүргізіп жатыр.

"Мен продюсер ретінде Шакираның менеджерлерімен жеке байланыстамын. Бүгінде қырғыз тарапының әншімен ресми келісімшартқа әлі қол қоймағанын сенімді түрде айта аламын", – деді Сатаров.

Оның айтуынша, бұған дейін Президент Іс басқармасы VProject компаниясына 1 млн доллар көлемінде алдын ала төлем жасалғанын хабарлаған. Алайда Сатаров бұл қаражатты нақты кім аударғанын және оның Шакираның өкілдеріне тікелей берілген-берілмегенін білмейтінін айтты.

Продюсердің сөзінше, әншінің менеджерлері оның Бішкекте концерт беруі мүмкін екені туралы ақпарат тарағанын білгеннен кейін 1 млн доллар көлемінде айыппұл талап еткен. Бұл 454 млн теңгеден асады.

Сатаровтың айтуынша, мұндай деңгейдегі әртістің концертін ұйымдастыруға ұзақ уақыт дайындалу қажет және мәселені тек гонорар төлеумен шектеуге болмайды.

"Әдетте дайындық бір жыл бұрын басталады. Чартерлік рейстерге дейін барлық мәселені алдын ала есептеу керек. Тек жергілікті көрерменді емес, әлемдік аудиторияны да ойлау қажет", – деді ол.

Сатаровтың бағалауынша, Шакираның гонорары 6-7 млн долларды, яғни 3,1 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал логистика, техникалық қамтамасыз ету, тұру, ұшу және басқа да шығындарды есептегенде, оның Бішкектегі концертінің жалпы құны шамамен 10 млн долларға немесе 4,5 млрд теңгеге жетуі ықтимал.

Продюсер мұндай ауқымды шараны ұйымдастыру үшін шетелдік компаниялардың таңдалғанына таңғалып отыр.

"Президент Іс басқармасының концертті ұйымдастыру үшін, мысалы, Мәдениет министрлігі сияқты ресми мемлекеттік органға немесе отандық продюсерлерге емес, шетелдік продюсерлік компанияларға жүгінгені маған түсініксіз", – деді ол.

Сонымен қатар Сатаровтың айтуынша, Life Nation делдал компаниясы өз қызметі үшін әншінің гонорарына қосымша 20% алады. Көп миллион долларлық келісім жағдайында бұл үлкен соманы құрайды.

Продюсер бұған дейін Бішкекте америкалық рэпер Канье Уэсттің концертін өткізу мәселесі талқыланғанын да еске салды. Оның айтуынша, сол кезде америкалық әншінің гонорары шамамен 5 млн долларды, яғни 2,271 млрд теңгені құраған және қырғыз тарапы бұл соманы төлеуге дайын болған. Алайда оның сөзінше, қазақстандық ұйымдастырушылар әншіге 2 млн долларға артық ұсыныс жасаған. Бұл 908 млн теңгеден асады. Соның салдарынан Канье Уэсттің Қырғызстандағы концерті өтпей қалған.

Сатаров әлемдік жұлдыздардың концертін ұйымдастырғанда тек қаржылық жағын ғана емес, әртістің жеке таңдауын да ескеру қажет екенін атап өтті. Әнші қай елде және қай алаңда өнер көрсететінін өзі таңдайды.

Осылайша, бұған дейін Шакираның Бішкекте концерт беруі мүмкін екені туралы ақпарат тарағанымен, Сатаровтың айтуынша, әншінің Қырғызстандағы ресми концертінің болуы не болмауы әзірге нақты шешілмеген.

2026 жылғы 6 қыркүйекте Қырғызстан Президентінің Іс басқарушысы Қаныбек Туманбаев әлемге әйгілі колумбиялық әнші Шакираның жаңа "Бишкек Аренада" өнер көрсететінін жариялаған еді.

Ал америкалық рэпер Канье Уэст (Ye) әлемдік турнесі аясында 2026 жылғы 15 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда концерт берді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!