Бюджеттік кредитті қайта құрылымдау тәртібіне өзгерістер енгізілді

10:54, 12 наурыз 2026

© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин

Қаржы министрі 2026 жылғы 3 наурыздағы бұйрықпен бюджеттік кредиттерді беру рәсімдеріне өзгерістер енгізді. Өзгерістер бюджет кредитін беру тәртібіне, оны алу үшін ұсынылатын құжаттар тізбесіне, сондай-ақ кредитті беру тәсілдеріне, өтеу және оған қызмет көрсету кестесіне қатысты.

Құжатта бюджеттік кредитті мерзімінен бұрын өтеген кезде өтеу кестесіндегі алғашқы үш кезекті төлем өзгертілмейтіні нақтыланған.

Сондай-ақ бюджет кредитін қайта құрылымдау кезінде бюджеттің орындалуын қамтамасыз ететін орталық уәкілетті органның шешім жобасына Республикалық бюджеттік комиссияның қорытындысын алу талап етілмейтіні айтылған.

Бюджеттік кредитті қайта құрылымдау мынадай тәсілдер арқылы жүзеге асырылады:

  • негізгі борышты өтеу немесе сыйақы төлеу мерзімдерін өзгерту;
  • қарыз алушының бюджет кредитін мақсатқа сәйкес пайдалану кезеңін өзгерту;
  • бюджет кредитінің валютасын өзгерту;
  • бюджет кредиті, сыйақы және басқа да төлемдер бойынша берешекті (соның ішінде мерзімі өткен берешекті) капиталдандыру;
  • тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) толық немесе ішінара есептен шығару.

Қайта құрылымдау ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетте бекітілген кіріс бөлігінің жоспарланған көлемін өзгертпей жүзеге асырылады. Бұл талап жергілікті бюджетке қатысты мәслихаттың тиісті шешімдеріне де қолданылады.

Қарыз алушы бұрын белгіленген мерзімде қарызды өтеу мүмкін еместігін дәлелдейтін негіздемелерді ұсынбаған жағдайда негізгі борышты өтеу немесе сыйақы төлеу мерзімдерін өзгерту туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартылуы мүмкін.

Ал қарыз алушы бюджет кредитін пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін ғана өтініш берсе, игеру кезеңін өзгерту жөніндегі қайта құрылымдау жүргізілмейді.

Аталған бұйрық 2026 жылғы 22 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!