Бұл қалай? Ұлымды өлтірген адам бостандықта жүр!

10:40, 21 мамыр 2020

Ұлымды өлтірген адам бостандықта жүр! Осылай деп зар еңіреген ата-ана көмек сұрады. Түркістан облысында тіркелген қылмыс әлі күнге дейін ашылмапты. Қазығұрт ауданының күдікті 15 жастағы түрғынының кінәсі толық мойындалғанымен, оны полицейлер жазасыз жібере салған. Тіпті ол өзінің айыпты екенін мойындап та қойған екен.

Сонда ұлынан айырылып, қан жұтқан отбасының талабы ескерусіз қала ма? Әлде адам өлтірген жанды бостандыққа жіберу қазығұрттық полицейлер үшін қалыпты іс пе?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

"Күтеміз, күтеміз. Аналар созды, созды. Үш айға алып келді, не керек! Ақырында үш ай болғанда барсақ, әже, дело жабылды дейді. Не себеп десек, баланың жасы кәмелетке толмаған дейді".

Ғабиден Батырхановтың ұлынан айырылып қалғанына үш ай болған. Таңертең сабаққа өз аяғымен кеткен 8-ші сыныпта оқыған баласының денесін туыстары тек аудандық мәйтханадан бір-ақ алған. Қайғыдан қан жұтқан әкенің айтунша, ұлының өліміне сыныптасы кінәлі көрінеді. Ол сабақтан шыққан кезде Бейбарысты мектеп ауласында соққыға жығыпты. Салдарынан 14 жастағы жасөспірім сол жерде көз жұмған. "Күдіктіге қатысты қозғалған қылмыстық іс белгісіз себеппен қысқартылып отыр" дейді ашынған әке.

Ғабиден Батырханов, марқұмның әкесі:

"Бас прокуратураға дейін бардым дейді тергеуші. Бәрін көрдім дейді. Міне, делоның бәрі алдымда тұр дейді. Бала бәрін мойындаған дейді. Ұрғанын бәрін мойындаған дейді. Бәрі рас, ақиқат, шешіп қойдым бәрін дейді. Бірақ, мен мұны ешқайда өткізе алмаймын дейді. Прокуратура қабылдамайды дейді, сот болмайды дейді. Сонда мен түсінбедім?!".

Бұл жәйт тәртіп сақшылары түгілі, жергілікті биліктегілерді де қатты састырған. Іле-шала күдікке марқұмның 15 жастағы сыныптасы ілінген. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 104-ші бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары да басталған. Бірақ, қалай болғаны белгісіз, күдікті қылмыстық жауапкершіліктен босап кетіпті.

Баян Сұлтанова, марқұмның анасы:

"Делоны жабуға тырысты бұлар. Анализді де бермеді. Бәрі өздерінде қазір. Өз қолдарында ұстап отыр. Ләжі болса, жауып тастаса. Сонда мен баланы туамын, бірақ, баламды жоқ есепке шығарып жатыр да. Жауып тастап жатыр. Сонда мен ештеме істей алмаймын ба?".

Ұлының өліміне қатысты аудандық, облыстық тіпті, Бас прокуратураға дейін хат жолдапты әкесі. Бірақ, ешбірінде көңілге қонатын жауап ала алмадым дейді. Амалы таусылған соң, осылай көмек сұрауға мәжбүр. Осы оқиғаға қатысты біз Түркістан облыстық Полиция департаментіне хабарластық. Ондағылар қылмыстық істі зерделеумен Қазығұрт аудандық прокуратурасы айналысып жатқанын айтты.

Салтанат Қаракөзова, Түркістан облыстық ПД ресми өкілі:

"Куәгерлер, көз көргендер, мұғалімдер, сыныптастар сұрастырылған. Бірнеше сараптама тағайындалған. Нәтижесінде, істің құрамында қылмыс болмауы себептерінен қылмыстық іс тоқтамға алынған. Қазіргі таңда, ол іс прокуратураға жолданған".

Марқұмның туыстары сондай-ақ, полицейлердің күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын қылмыстық кодекстің 104-ші бабымен жүргізгендеріне де наразы. Сол үшін істің қайта сарапталып, айып тағылуын талап етіп отыр.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!