Бүгін «Хабар» телеарнасының құрылғанына 22 жыл толды

08:15, 23 қазан 2017

Бүгін «Хабар» телеарнасының құрылғанына 22 жыл.

Алғаш рет «Қазақстан телевизиясы және радиосы» құрамында «Хабар» ұлттық телевизиялық ақпарат агенттігі болып құрылып, төрткүл дүниеге есігін ашқан арнаның алғашқы студиясын қазір тек мұрағаттан көруге болады. «Техникалық мүмкіндіктердің аздығы алдына биік мақсат қойған сол кездегі ұжымға кедергі болған жоқ», – деп еске алады алдыңғы буын. Мәтінді қолмен жазып, терімшіге кезекке тұрған кездер қазір ертегі сияқты. Дегенмен білікті басшылықтың бастамасымен журналистердің ВВС, СNN сияқты әлемнің алдыңғы қатарлы телеарналарында тәжірибе жинауы ақпарат дайындауды жаңа белеске көтерді. Әсіресе 1998 жылы британдық озық технологиялы квантел эфирлік студиясы арқылы ғарышпен байланыс орнату «Хабар» телеарнасының ғана емес, ел тарихындағы елеулі оқиға болды. Одан бері де жаңа Астанадағы мемлекеттік деңгейдегі шараларды тікелей тарату, Президент инаугурациясы, Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдауы, халықаралық саммиттерден тікелей репортаж жасау, авторлық сюжеттер және тәуелсіз Қазақстанның спортшылары қатысқан Олимпиада ойындарын тікелей көрсету – мұның барлығы «Хабардың» алғашқы қадамдары еді. Осындай даму баспалдақтарынан өткен «Хабар» телеарнасы бүгінде еліміздің медиакеңістігіндегі алдыңғы қатарлы жетекші телеарнаға айналды. Телевизия ұжымдық еңбектің жемісі. «Хабардың» ыстығы мен суығын көрген алдыңғы буын қазір де жас мамандамен иықтіресе еңбек етуде.

Ләззат Айтханқызы, жаңалықтар бөлімінің атқарушы продюсері:

– Қазір бірнеше шетелдік өзіміздің отандық ресми, ресми емес агентіктермен байланыс орнатып, жаңалықтар көп келіп түсіп жатады. Ал ол кезде ресми ақпарат тек ҚазТАГ-тан келетін. Ол телетайп ленталарымен келіп түседі. Кейде оны машинкаға басып үлгереміз, болмаса сол қалпында тікелей эфирге алып келетінбіз. «Хабардың» алғашқы кезеңдеріндегі баспалдақтар осындай болды.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!