Биыл алматылық ата-аналар балабақшаға қанша төлейді

16:44, 21 қаңтар 2022

© Сурет: pixabay

Алматы әкімдігі "2022 жылғы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған мемлекеттік тапсырысты және мектепке дейінгі ұйымдардың төлем мөлшерін бекіту туралы" жобасын дайындады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сонымен биыл ата-аналар бір баланың бір айлық тамағы үшін мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға 20 500 теңге төлейді. Бұл ретте бір балаға мемлекеттік тапсырыс 41 197 теңге болып белгіленді.

Мамандандырылған бөбекжайларда бір балаға мемлекеттік тапсырыс 73 797 теңге болып белгіленді. Мектепалды даярлық топтарында бір балаға — 17 805 теңге қарастырылған. Ал санатория-курорттық бөбекжайға бару үшін бюджеттен бір балаға айына 61 519 теңге бөлінеді.

Бір баланы тамақтандыруға кететін сома Ұлттық статистика бюросының сайтында жарияланған азық-түліктің Алматы бойынша орташа бағасымен есептеледі.

Сонымен қатар инклюзивті білім беру аясында 10 мемлекеттік балабақша-бөбекжайда 257 орындық түзеу топтары жұмыс істейді. Бұл мекемелерде азық-түлікке ата-аналар төлемейді.

Оған қоса 9 мемлекеттік жалпы мақсаттағы бөбекжайда 265 балаға толық емес күндізгі мектепалды даярлық топтары ашылған. Онда балалар тегін оқиды, сәйкесінше тамақ ішу, ұйықтау қарастырылмаған.

Айта кетейік, мектепке дейінгі ұйымдардың төлем мөлшерін бекіту туралы құжат 4 ақпанға дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА веб-сайтына жарияланған.

  • 2022 жылдың басында Алматыда барлығы 862 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп тұр. Оның 192-сі мемлекеттік, 670-і жекеменшік.

  • Әкімдіктің мәліметінше, қазір мемлекеттік балабақшаға 36 571 бала барса, жекеменшік балабақшада 30 638 бала тәрбиеленіп жатыр.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!