Бірегей ғарыш обсерваториясы Жерге құлауы мүмкін: оны құтқару үшін бұрын-соңды болмаған операция басталады

16:59, 1 шілде 2026

© Сурет: X/@ust_magazine

NASA-ның Swift ғарыш обсерваториясы Жерге құлап кету қаупіне тап болды. Мұның алдын алу үшін бұрын-соңды жүзеге асырылмаған ерекше құтқару операциясы өткізілмек, деп хабарлайды Zakon.kz.

2004 жылдан бері Нил Герелс атындағы Swift обсерваториясы ғаламдағы ең қуатты әрі ең жарқын құбылыстардың бірі – гамма-сәуле жарылыстарын бақылайтын бірегей ғылыми аппарат болып келеді. Алайда оған сырттан көмек көрсетілмесе, ол биылғы жылдың соңына қарай Жер атмосферасына кіріп, жанып кетуі мүмкін. Осыған байланысты америкалық Katalyst Space Technologies жеке ғарыш компаниясы ерекше құтқару миссиясын қолға алмақ. Компания алғаш рет арнайы ғарыш аппаратын ұшырып, Swift обсерваториясын ғарышта ұстап алып, оны қауіпсізірек әрі биік орбитаға көтеруге әрекет етеді.

IFLScience басылымының мәліметінше, салмағы 1,6 тонна болатын Swift аппараты 2004 жылы Жерден шамамен 600 шақырым биіктіктегі орбитаға шығарылған. Алайда арада өткен жиырма жылдан астам уақыт ішінде атмосфераның кедергісі оның жылдамдығын біртіндеп азайтып, орбитасын төмендеткен. Қазір аппарат шамамен 338 шақырым биіктікте айналып жүр.

Сонымен қатар 2024 жылғы Күн белсенділігінің ең жоғары кезеңінде Жер атмосферасы кеңейіп, ауа кедергісі күшейген. Соның салдарынан Swift орбитасы бұрынғыдан да төмендеп, Жерге қарай біртіндеп құлдилай бастаған.

Мамандар 2025 жылдың қарашасында-ақ обсерваторияның 2026 жылдың маусымына дейін Жерге құлап, атмосферада жанып кету ықтималдығы 50 пайыз екенін есептеген болатын. Ал 2027 жылға дейін мұндай жағдайдың болуының ықтималдығы 90 пайызға бағаланған.

Swift жыл сайын жүздеген гамма-сәуле жарылыстарын анықтайды. Қазіргі таңда әлемде дәл осындай мүмкіндігі бар басқа аппарат жоқ әрі оған балама жаңа миссия әзірленіп жатқан жоқ. Сондықтан мамандар оны сақтап қалу үшін тәуекелге бармақ.

Swift аппараты бастапқыда ғарышта басқа техникамен түйісуге немесе жөндеуге арналмаған. Соған қарамастан жаңа аппарат оған жақындап, арнайы құрылғылардың көмегімен ұстап алып, қауіпсіз орбитаға шығаруға тырысады.

Бұл LINK деп аталатын құтқару миссиясын жүзеге асыру құқығын Katalyst Space Technologies компаниясы жеңіп алған. Ғарыш аппараты 1 шілдеде ұшырылады. Ал Swift-пен түйісу әрекеті ұшырылғаннан кейін 3–4 аптадан соң, яғни обсерватория орбитасы 300 шақырымдық қауіпті деңгейге дейін төмендеп кетпей тұрып жасалады.

Құтқару операциясының өзі шамамен бір айдан бір жарым айға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде LINK аппараты Swift-ті біртіндеп жоғары орбитаға көтереді. Міндет толық орындалғаннан кейін LINK аппараты одан ажырайды.

Бұл миссияның ерекшелігі тек оның күрделілігінде ғана емес. Сарапшылардың айтуынша, жобаны іске асыру өте қысқа мерзімде жүзеге асқан. Рұқсат алынған сәттен бастап ұшыруға дейін бір жылдан да аз уақыт кеткен.

LINK аппаратының салмағы шамамен 360 келі, ал биіктігі 1,5 метр. Бұл Swift обсерваториясының көлемінің шамамен үштен біріне тең. Аппарат ұзындығы 6 метрлік күн панельдерімен және телескопты ұстап алуға арналған роботтандырылған манипуляторлармен жабдықталған.

Ұшыру Northrop Grumman Pegasus XL зымыраны арқылы Маршалл аралдары Республикасына қарасты Тынық мұхитының оңтүстігіндегі Кваджалейн атоллынан жүзеге асырылады.

Ұшырылғаннан кейін LINK аппараты роботтандырылған қолдарының көмегімен Swift-пен түйісіп, оны берік ұстап алады. Одан кейін бірнеше ай бойы обсерваторияның орбитасын біртіндеп көтеріп, оны Жерге құлау қаупінен құтқаруға тырысады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!