Бельгия АҚШ-ты ірі есеппен жеңіп, әлем чемпионатының ширек финалына шықты

11:58, 7 шілде 2026

© Сурет: Instagram/belgianreddevils

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалында Бельгия құрамасы АҚШ құрамасын 4:1 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Чемпионат басылымының мәліметінше, матч АҚШ-тың Сиэтл қаласында өтті. Кездесудің 9-минутында есепті бельгиялық жартылай қорғаушы Шарль де Кетеларе ашты. Ал 31-минутта АҚШ құрамасының жартылай қорғаушысы Малик Тиллман таразы басын теңестірді.

Алайда арада екі минут өткенде, 33-минутта, Шарль де Кетеларе тағы бір гол соғып, дубль авторы атанды.

Екінші таймда Бельгия құрамасы басымдығын одан әрі күшейтті. 57-минутта жартылай қорғаушы Ханс Ванакен мергендігімен көзге түссе, 90+3-минутта ол нәтижелі пас беріп, шабуылшы Ромелу Лукаку матчтағы соңғы голды соқты.

АҚШ құрамасының негізгі құрамында шабуылшы Фоларин Балогун алаңға шықты. Ол бұған дейін әлем чемпионатының 1/16 финалында Босния және Герцеговинаға қарсы кездесуде (2:0) қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған болатын. Осыған байланысты Балогун Бельгияға қарсы ойынды өткізіп жіберуі тиіс еді. Алайда 5 шілдеде ФИФА футболшының дисквалификациясының күшін уақытша тоқтатқанын мәлімдеп, оған матчқа қатысуға рұқсат берді.

Енді Бельгия құрамасы әлем чемпионатының ширек финалында Испания құрамасымен кездеседі. Матч 10 шілдеде өтеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!