Балабақша меңгерушісі лас швабраларды кәстрөлде жуғаны үшін жұмыстан шығарылды

13:35, 1 қазан 2026
MKZ: 1569926

© Фото: Zakon.kz/Алия Абди

Қытайдың жергілікті билігі санитарлық талаптардың сақталмағанын айтқан тәрбиешінің мәлімдемесінен кейін 11 шенеунікке ескерту жасап, сөгіс берді. Сондай-ақ балабақша асханасының барлық қызметкері жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

South China Morning Post мәліметінше, 30 маусымда Цзянсу провинциясындағы Нанкин ақпараттық ғылымдар және технологиялар университеті жанындағы балабақшада бірнеше бала түскі ас кезінде және одан кейін жүрегі айнып, құсқан.

Ата-аналар жазғы демалыс бойы балабақшадағы тазалық пен санитарлық жағдайға қатысты сұрақ қойғанымен, қыркүйекке дейін ресми жауап алмаған.

Мәселе дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі қауіпсіздік инспекторы Ван асханадағы жағдай туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазғаннан кейін жария болды.

Ол балабақша асханасында санитарлық талаптардың бірнеше рет бұзылғанын егжей-тегжейлі баяндаған. Атап айтқанда, лас швабралар мен кәріз қақпақтары кәстрөлдерде жуылған, ал масаға арналған торлар тамақ дайындайтын раковиналарда дезинфекцияланған. Сонымен қатар балабақша қызметкерлерінің азық-түлікті ұрлағаны туралы да айыптаулар айтылды.

Қызметкер "Синьминь Ивнинг Ньюс" газетіне санитарлық талаптарды бұзуға қатысы бар қызметкерлердің суреттерін де ұсынған. Оның айтуынша, балабақша директорына бірнеше рет хабарласқанына қарамастан, мәселе шешілмеген.

Алғашында балабақша басшылығы мен жергілікті аудан әкімдігі Ванның мәлімдемесін жоққа шығарып, оны жалған ақпарат таратты деп айыптаған. Алайда бейнебақылау жазбалары оның сөздерін растағаннан кейін директор жауапкершілікті басқаға аударуға тырысып, Ван қызметкерлерге мұндай санитарлық талапқа қайшы әрекеттер жасауға өзі нұсқау бергенін айтқан.

Әділдікке қол жеткізуді көздеген Ван жұмыстан шығарылғаннан кейін балабақшадағы заңбұзушылықтарды жариялаған. Ол бұл қадамға бармас бұрын екі күн бойы ойланып жүргенін, себебі мұның осы салада жұмысқа орналасу мүмкіндігіне кері әсер етуінен қауіптенгенін мойындады.

22 қыркүйекте аудан әкімдігі арнайы тергеу тобын құрып, балабақша асханасында "елеулі мәселелер" бар екенін растады. Тергеу қорытындысы бойынша балабақша директоры, логистикаға жауапты директордың орынбасары және асхананың барлық қызметкері жұмыстан шығарылды.

Сонымен қатар аудан әкімдігі, ауданның нарықты реттеу басқармасы және білім басқармасының 11 қызметкеріне бақылау міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін ескерту мен сөгіс берілді.

Ван бұл шешімді көріп, жеңілдеп қалғанын айтты. Кейбіреулер балабақша директорына қатысты қылмыстық жауапкершілік қолданылмағанына алаңдаушылық білдірді.

Бұған дейін пиццерия қызметкерінің келушілердің тамағына қайызғақ түсіргені туралы жазған болатынбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!