Аягөз интернатында төрт баланың неден көз жұмғаны анықталды

11:30, 21 мамыр 2020
142

Аягөздегі интернатта төрт баланың неден көз жұмғаны анықталды. Арнайы комиссия көптің талқысына түскен іске қатысты соңғы нүкте қойды. Дәрігерлердің қорытындысы бойынша, ұл-қыздар қызылшадан қайтыс болмаған. Олардың ішек инфекциясынан соң бақилық болғаны да расталмапты.

Сонда бейкүнә балалардың өліміне не себеп? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Айдың-күннің аманында Аягөздегі 4 бірдей баланың жұмбақ өлімі бүкіл елді шулатты. О баста мекемеде "қызылша" инфекциясы тарап, жеткіншектер сол аурудан көз жұмды деген болжам айтылған. Тексере келе ол долбарды комиссия жоққа шығарды. Белгілі болғандай 4 бала, бір айдың ішінде араға 7-10 күн салып қайтыс болған.

"Әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы бірінші бала өлімі 2 сәуірде тіркелген. Ол кезде 2008 жылғы ұл бала қайтыс болған. 11 сәуірде 2009 жылғы екінші ұл бала бақилыққа аттанған. Ал, 20 сәуірде 2006 жылғы ұл бала келмеске кетсе, 2012 жылғы қыз бала 29 сәуірде көз жұмған".

Дәрігерлердің қорытындысы бойынша, балалардың өлімі "қызылшамен" ешқандай байланысы жоқ. Оған тиісті медициналық куәландыру мен барлық актілер дәлел көрінеді. Қайтыс болған жеткіншектер тағдыр тәлкегіне түскен жандар екен. Себебі, олардың барлығынан ата-анасы бас тартып, жастайынан тірі жетім атанған.

Әлішер Мархабат, облыс әкімінің орынбасары:

Дәрігерлердің қорытындысы бойынша, қайтыс болғандар "қызылшамен" ауырмаған. Өткізілген тексеріс барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, санитарлық талаптар мен Еңбек кодексінің ережелері өрескел бұзылғаны белгілі болды. Сол себепті, 24 сәуірде интернаттың үш қызметкері жұмысынан қуылды. Аталған балалар өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Орталықта қалған балаларды ақ халаттылар 2 мамыр күні тексерген. Жағдайлары қанағаттанарлық, - дейді. Бірақ, қазір тағы бір мекеме тәрбиленушісі қауіпті ішек инфекциясымен аудандық орталық ауруханаға жатқызылған. Аурудың себептері анықталып жатыр екен.

Шолпан Мақашева, облыстың бас педиатр-дәрігері:

"Қайтыс болған науқастарда бұған дейін бірнеше созылмалы аурулары болған. Туылғаннан кахексия диагнозы қойылыпты. Яғни, балалардың органдары тым әлсіз. Жеткіншектердің өліміне осы кеселдер себеп болуы мүмкін. Облыстық ведомство аралық комиссия құрамында мен барлық тәрбиеленушілерді тексеріп шықтым. Балалар қажетті көмекті толық көлемде алып жатыр. Тәулік бойы мамандардың бақылауында".

Кейінірек белгілі болғандай, интернат басшылығы мемлекеттік сатып алулар арқылы қымбат азық-түлікке тапсырыс берген. Оның ішінде екінің бірі қол жеткізе бермейтін ақсерке, бекіре уылдырығы, жылқы, сиыр еті, майшабақ болған. Мысалы, сәуір айында жалпы сомасы 750 мың теңге болатын 50 келі бекіре уылдырығы алынса, айдың ортасында құны 650 мың теңгені құрайтын ақсерке сатып алынған. Осы жағдайдан соң бұл іске Жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері де кірісті.

Ринат Нәбиев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша парасаттылық департаментінің жетекшісі:

"ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен БАҚ Аягөз қаласының балаларға арнайы әлеуметтік көрсететін қызметтер туралы фактісі бойынша тиісті тексеріс өткізіледі. Бұл сұрақ Сыбайлас жемқорлыққа қырсы қызметінің басшылығының бақылауында. Енді, осы тексерістің қорытындысын біз қосымша хабарлаймыз".

Айта кетсек, Аягөз қаласындағы психикалық ауытқуы бар балаларға арналған интернатта оннан астам тәрбиеленуші "қызылша" диагнозымен жұқпалы аурулар ауруханасынан жатқызылған болатын. Осы жағдай бойынша, Ішкі істер органдары қылмыстық кодекстің 317 бабымен қылмыстық іс қозғаған. Белгілісі, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір