Ауқымды реформалардың арқасында Қазақстан жаңа тұрпатты Елге айнала бастады – Тоқаев

13:12, 18 маусым 2026

© Фото: Zakon.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саладағы міндеттемелерді орындау биліктің барлық тармағының конституциялық міндеті екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет және бұл қағида нақты іс жүзінде орындалуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде атқарылып жатқанын жеткізді.

"Жаңа Конституцияға сай, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сәйкесінше, әлеуметтік саладағы міндеттемелерді орындау биліктің барлық тармағының, соның ішінде Үкіметтің конституциялық міндеті саналады", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бұл бағыттағы қаржыландыру көлемі айтарлықтай жоғары.

"Өткен жылы тек республикалық бюджеттен әлеуметтік қажеттіліктерге 9 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бұл – өте қомақты сома", – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бағдарламасының маңызын да ерекше атап өтті.

"Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бағдарламасын іске асыру да конституциялық міндеттеме аясына кіреді. Бұл әлеуметтік мақсаттағы бірегей бағдарламаның басқа елдерде баламасы жоқ", – деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл норманың Конституцияда бекітілгенін де еске салды.

"Аталған бағдарлама туралы Конституциямызға жазылды, бұл – конституциялық міндет", – деді ол.

Сонымен қатар Президент ана мен балаға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларына тоқталды.

"Нәзік жанды аруларымыз дүниеге перзент әкелгеннен кейін жұмыс орны сақталып, үш жыл декреттік демалысқа шығады, тиісті төлемдер алады. Жас аналарға өте жақсы жағдай жасалып отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз тәжірибесіне сүйене отырып, бұл жүйенің халықаралық деңгейде де ерекшелігі бар екенін атап өтті.

"Мен Батыста, атап айтқанда, Швейцарияда жұмыс істеген кезде осы мәселені зерделедім. Швейцарияда және басқа да Батыс елдерінде мұндай жүйе жоқ", – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның медициналық туризм орталығы ретінде дамып келе жатқанын айтты.

"Инновацияларды қарқынды түрде игеру, ем-дом шараларының жоғары стандартына көшу, сондай-ақ баға мен қызмет сапасының теңгерімін сақтау арқылы еліміз медициналық туризмнің өңірлік орталығы ретінде танылып келеді", – деді Президент.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!