Қасым-Жомарт Тоқаев: Түркі мемлекеттері арасындағы сот ынтымақтастығы ортақ мүддеге қызмет етеді

15:11, 18 маусым 2026

© Сурет: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жоғарғы соттарының екінші конференциясына қатысу үшін Қазақстанға келген сот жүйесінің жоғары лауазымды өкілдерін қабылдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жоғарғы соттарының екінші конференциясына қатысу үшін Қазақстанға келген Әзербайжан Республикасының Жоғарғы сот төрағасы Инам Керимовты, Қырғыз Республикасының Жоғарғы сот төрағасы Медербек Сатыевты, Түркия Республикасының Кассациялық сот төрағасы Омер Керкезді, Түркия Республикасының Мемлекеттік кеңес төрағасы Зеки Йигитті және Өзбекстан Республикасы Жоғарғы соты төрағасының бірінші орынбасары Алишер Усмановты қабылдады.

Кездесу барысында Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы рөліне ерекше тоқталып, соңғы жылдары сот және құқық қорғау саласындағы өзара ықпалдастықтың айтарлықтай күшейгенін айтты.

"Осы тұста ұйымға мүше мемлекеттердің сот және құқық қорғау саласындағы ықпалдастығы күшейіп келе жатқанын атап өту қажет. Ертең Түркістан төрінде өтетін алқалы жиын соның айқын көрінісі болмақ. Әрбір өркениетті елдің өсіп-өркендеуі үшін сот жүйесінің маңызы зор. Сондықтан жоғарғы соттар арасындағы өзара тығыз байланысты тереңдету бауырлас елдеріміздің ортақ мүддесіне толық сай келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазіргі таңда көптеген елдер жаһандық технологиялық өзгерістерден қалыс қалмау үшін даму қарқынын күшейтіп жатқанын атап өтіп, бұл бағытта түркі елдерінің де күш біріктіруі маңызды екенін айтты.

"Осы бағытта біз де күш-жігер біріктіріп, жұмыла әрекет етуіміз керек. Ертең Түркістанда өтетін конференцияда сот саласын цифрландыру мәселесі жан-жақты талқыға түседі. Сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғау және басқа да маңызды мәселелер қаралады. Мұндай күн тәртібі өте орынды және өзекті деп айтуға болады. Осы мәселелер бойынша пікір алмасу біздің ұйымның одан әрі дамуына және оның беделінің күшеюіне үлкен серпін берері сөзсіз. Баршаңызға белгілі, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы барлық игі бастамаларды қолдайды, алдағы уақытта да солай болмақ", – деді Президент.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және құқықтық реформалар жөнінде де кеңінен мәлімет берді. Оның айтуынша, 1 шілдеден бастап еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енеді.

"Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі. Бас құжатқа сәйкес еліміздің егемендігін, тәуелсіздігін және жеріміздің тұтастығын қорғау негізгі конституциялық міндет саналады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әрдайым бейбітшілікке ұмтылып, барлық елмен достық қарым-қатынас орнату мемлекетіміздің мызғымас қағидаты ретінде айқындалды", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, жаңа сипатқа ие болған Конституцияда адам капиталын дамыту, білім мен ғылымды қолдау, инновацияларды ілгерілету еліміздің стратегиялық бағыты ретінде белгіленген.

"Жаңа сипатқа ие болған Конституцияда адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты деп танылды. Ата заңымызда алғаш рет азаматтардың дербес деректерін, соның ішінде цифрлық кеңістіктегі жеке мәліметтерін қорғау туралы норма көрініс тапты. Бұған қоса адвокатура туралы арнайы бап қосылды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Конституция нормаларын іске асыру мақсатында бес конституциялық заңға қол қойылғанын, сондай-ақ 70-тен астам кодекс пен заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айтты.

Сонымен қатар Президент тамыз айында Қазақстанда Құрылтай сайлауы өтетінін және Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы жасақталатынын мәлімдеді.

"Тамыз айында елімізде Құрылтай сайлауы өтеді. Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы жасақталады. Жалпы, мемлекеттік басқару жүйесі толық жаңғыртылады", – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде сот және құқық қорғау жүйесін реформалау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтіп, Түркі мемлекеттері арасындағы құқықтық ынтымақтастықты одан әрі дамыту ортақ мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететінін жеткізді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!