Жұманғарин бюджет кірісінің неге орындалмағанын түсіндірді

14:26, 18 маусым 2026

© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 18 маусымда бюджет кірістерінің жоспарланған көлемде түспеу себептерін түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Оның айтуынша, бюджет кірісінің төмендеуіне әлемдік нарықтағы тұрақсыздық пен экспорттық түсімдердің азаюы әсер еткен.

"Өздеріңіз білетіндей, 2025 жыл әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты жоғары тұрақсыздықпен ерекшеленді. Мысалы, бюджетте мұнайдың бір баррелі 75 доллар деңгейінде жоспарланған болса, жыл қорытындысында оның орташа бағасы 69,1 долларды құрады. Сонымен қатар доллар бағамы 470 теңгеден 538 теңгеге дейін өсті", – деді Серік Жұманғарин.

Министрдің сөзінше, осы факторлардың салдарынан экспорт көлемі 82,3 млрд доллардан 77,3 млрд долларға дейін төмендеген. Бұл өз кезегінде бюджет түсімдеріне әсер еткен.

"Мысалы, 2025 жылы корпоративтік табыс салығынан бюджетке 4,5 трлн теңге түсті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 24 пайызға көп. Алайда жоспардан 11 пайызға төмен болды. Яғни түсімдер артқанымен, белгіленген жоспар орындалмады. Бұған сыртқы нарықтардағы тұрақсыздық, логистикалық шығындардың өсуі және ірі өндірушілер табысының төмендеуі себеп болды", – деді министр.

Серік Жұманғарин болжам жасау және жоспарлау жұмыстары әлсіз деп айтуға болмайтынын, алайда бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдіру қажет екенін атап өтті.

Бұған дейін Тимур Сүлейменов 2026 жылға арналған инфляция бойынша негізгі мақсатты атаған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!