Астанаға ерекше мәртебе беріледі
© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Парламент депутаттары 2026 жылғы 15 мамырда палаталардың бірлескен отырысында "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Заң жобасындағы жаңашылдықтарды Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Бауыржан Омарбеков таныстырды.
"Конституциялық заң жобасы ел астанасының мемлекеттің саяси, әкімшілік және экономикалық орталығы ретіндегі ерекше рөлін бекітуге мүмкіндік береді. Заң жобасының мақсаттары мен міндеттері – астананың ерекше мәртебесін айқындау, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру және тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру", – деді ол.
Оның айтуынша, бұл үшін құжатта елорда мәслихаты мен әкімдігінің өкілеттіктері нақтыланып, жүйеленеді. Атап айтқанда, елорда мәслихаты мен әкімдігіне сәулет және қала құрылысы, жол қозғалысы, халықты әлеуметтік қорғау, экология, туризм, коммуналдық меншік салаларында негізгі құзыреттер беріледі.
"Мәслихат пен әкімдіктің құзыреті жоғарыда аталған түзетулермен шектелмейді, олардың өзге салалық заңдарда көзделген өкілеттіктері сақталады. Сонымен қатар, астананың қала маңындағы аймағының шекарасы мен көлемі және оны пайдалану тәртібі қала мен облыс мәслихаттары және әкімдіктерінің бірлескен ұсынысы негізінде Үкіметпен айқындалады", – деп түсіндірді спикер.
Сондай-ақ Конституциялық заң жобасында астананың әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу, тұрғындарды тіршілікпен қамтамасыз ету жүйесі, арнайы трассалар мен автомобиль жолдарын жинау және санитарлық тазарту, туризмді дамыту, сондай-ақ жер мәселелерін реттеу жөніндегі тиісті ұйымдардың құқықтық мәртебесі айқындалады.
"Көлік инфрақұрылымын басқару, жол қозғалысын және қаланың автотұрақ кеңістігін ұйымдастыру функцияларын Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы жүзеге асырады. Астананың орман-парктік аймағы – қала аумағындағы қорғаныш, сауықтыру және рекреациялық функцияларды атқаратын жерлер. Оның шекарасын белгілеу және өзгерту елорда әкімдігінің ұсынысы бойынша Үкімет арқылы жүзеге асырылады. Орман-парктік аймақтың экологиялық жағдайына теріс әсер ететін кез келген қызметке тыйым салу қарастырылған", – деді Бауыржан Омарбеков.
Заң жобасында астананың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруға ерекше назар аударылған. Осыған байланысты дизайн-код талаптары ғимараттарға, жол желісіне, жарнамаларға және сыртқы безендіру элементтеріне қолданылады. Құрылыс, қайта жаңарту және абаттандыру жұмыстары белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі. Бұл мәселелерді үйлестіру үшін Сәулет-қала құрылысы кеңесі құрылады.
Сондай-ақ кеңес қала мен қала маңындағы аймақтағы сәулет-қала құрылысы және көркемдік келбетке қатысты жобаларды қарайды. Бұл бірыңғай қала құрылысы саясатын жүзеге асыруға, тұрақты дамуды қамтамасыз етуге және елді мекендердің заманауи сәулеттік келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Астанада екі деңгейлі жолдың құрылысы қашан басталуы мүмкін екенін жазғанбыз.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:37, 15 мамыр 2026
Қазақстанда көкжөтелмен сырқаттану деңгейі 2,8 есеге төмендеді
-
16:25, 15 мамыр 2026
СҚО-да интернет-алаяқтықтың алдын алудың жаңа тәсілі енгізілуде
-
16:14, 15 мамыр 2026
Алматыда жасанды интеллект негізіндегі «ақылды» жылумен жабдықтау жүйесі енгізіледі
-
16:06, 15 мамыр 2026
Қызметінен босатылған вице-министр Ербол Тасжүреков жаңа қызметке тағайындалды
-
15:58, 15 мамыр 2026
Доллар бағамы сауда-саттықта 4 теңгеге жуық арзандады





