Астанада Тарихшылардың ұлттық конгресінің форумы өтті
© Сурет: akorda.kz
Бүгін, 2025 жылы 25 қаңтарда Астанада Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресінің форумы өтті. Оған мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, алқалы жиында еліміздегі ғылыми қауымдастықтың 300 өкілі, оның ішінде тарихшы-зерттеушілер, жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бас қосты.
Форумның пленарлық отырысында және жеті жұмыс секциясында археология, этнография, этнология, тарихи география салаларындағы жаңалықтарды талдау, жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар Қазақстан зерттеушілерінің шетел мұрағаттарында, музейлерінде және кітапхана қорларында жүргізген зерттеулерінің нәтижелері қаралды. Басқосудың басты тақырыбының бірі "Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін" атты жаңа академиялық басылымды дайындау барысын талқылау болды. Бұл жобаға бес ғылыми зерттеу институты және еліміздің 250-ден астам ғалымы жұмылдырылды.
Мемлекеттік кеңесші өз сөзінде Тарихшылардың ұлттық конгресі еліміздегі тарих ғылымын дамыту тұрғысынан зор маңызға ие екенін атап өтті. Сондай-ақ Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижесі және Қазақстан тарихының жеті томдық басылымын дайындау барысы туралы баяндады.
Ерлан Қарин соңғы жылдары ғылыми айналымға енгізілген археологиялық олжалар мен архивтік құжаттар ұлтымыздың тарихын неғұрлым біртұтас әрі кең ауқымда қабылдау қажеттігін айғақтайды деп атап өтті.
"Қазақстан – көшпенділердің ежелгі мемлекеттік құрылымдарының бесігі және бір кездегі қуатты елдер мен империялардың мұрагері ғана емес, сонымен қатар тұтас көшпенділер өркениетінің ошағы мен орталығы. Сондықтан ұлттық тарих ғылымының міндеті – халқымыздың тарихына өркениет парадигмасы тұрғысынан ауқымдырақ және кеңірек қарау, оны осы ұстаным бойынша дәріптеу". Ерлан Қарин
Форумға қатысушылар сөз сөйлеп, ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі Қазақстан тарихына қатысты көптомдық академиялық басылымды әзірлеу жұмыстарына жоғары баға берді. Сондай-ақ археологиялық және тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу ауқымын кеңейту, мұрағат пен аймақтану ісін одан әрі дамыту, оқулықтарды және тарихты оқыту әдістемесін жетілдіру қажеттігіне тоқталды.
Бұған дейін Жамбыл облысында Атлах шайқасы өткен жердің орны табылғаны хабарланған.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
23:12, 26 қаңтар 2025
Оралда тонау және бопсалау дерегі бойынша күдікке ілінген қыздар ұсталды
-
17:56, 26 қаңтар 2025
2024 жылы 2,5 мыңнан астам азамат өз қаражатын жалған инвестициялық қорларға салған
-
17:20, 26 қаңтар 2025
Астанада пәтер иесі өрт салдарынан зардап шекті
-
16:51, 26 қаңтар 2025
Тұман, көктайғақ: ертең қай өңірлерде ауа райына байланысты ескерту жасалды
-
16:12, 26 қаңтар 2025
Қазақстанда тағы бір автожол бүгіннен бастап ақылы болды