Астанада МӘМС-тің 80 млн теңгесін жымқырған екі адам сотталды

20:54, 23 қаңтар 2026

© Фото: zakon.kz

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты алаяқтық жасады деп айыпталған екі азаматқа қатысты айыптау үкімін жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Соттың анықтауынша, Н. "ЖШС" медициналық ұйымының құрылтайшысы бола отырып, 2023 жылғы сәуір мен шілде айлары аралығында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыру мақсатында азаматтарды өзінің медициналық ұйымына жалған тіркеудің заңсыз схемасын ұйымдастырған.

Қылмыстық ниетін жүзеге асыру үшін Н. "Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы" Астана бөлімшесінің маманы А.-ға ақшалай сыйақы үшін азаматтарды тіркеу жөніндегі жалған өтініштерді заңсыз мақұлдап, бекітуді ұсынған. А. бұл ұсынысқа келісіп, өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жалған өтініштерді бекіткен.

"Нәтижесінде "ЖШС" медициналық ұйымына 15 мыңнан астам азамат жалған түрде тіркеліп, бұл МӘМС қорының қаражатын заңсыз алуға әкеп соққан. Мамандардың қорытындысына сәйкес, қорға шамамен 80 млн теңге көлемінде аса ірі мөлшерде залал келтірілген. Оның ішінде 7,5 млн теңге А.-ның тікелей әрекеттерінен келген материалдық залалды құрайды. Заңсыз алынған қаражат Н. мен А. арасында бөлінген. Аталған әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы және 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша сараланды", – деп жазды Астана соттарынан.

Сот жарыссөзінде прокурор Н.-ны 5 жылға, ал А.-ны 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар кінәларын толық мойындады, қорғау тарапы шартты жаза қолдануды өтінді. Олардың кінәсі мойындау көрсетулерімен, жәбірленуші мен куәлардың айғақтарымен, сондай-ақ маман қорытындысымен дәлелденді.

Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде кәмелетке толмаған балаларының болуын, кінәні мойындауды, шын жүректен өкінуді және бұрын сотталмағанын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Жасалған қылмыстың сипаты мен ауырлығын, сондай-ақ аса ірі мөлшердегі залалдың өтелмегенін ескере отырып, сот Н.-ға орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу арқылы 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Ал А.-ға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленіп, амнистия туралы заң негізінде жаза мерзімі бестен бір бөлікке қысқартылды. Түпкілікті түрде оған орташа қауіпсіздік мекемесінде 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!