Астанада гүл жеткізуге байланысты интернет-алаяқтық деректері тіркелді

13:44, 13 наурыз 2026

© Фото: Zakon.kz

Елордада полицейлер Халықаралық әйелдер күнін мерекелеу кезеңінде жасалған интернет-алаяқтықтың бірнеше дерегін анықтады. Мәселен, қала тұрғындарының біріне өзін гүл жеткізу қызметінің курьері ретінде таныстырған белгісіз адам қоңырау шалған.

Ол әйелге гүл шоғы жеткізілетінін айтып, "тапсырысты алғанын растау" үшін телефонына келген кодты айтуды сұраған.

Еш күмәнданбаған тұрғын кодты айтып қойған. Біраз уақыттан кейін оған өзін банк қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған тағы бір адам хабарласып, оның шотында күмәнді операциялар тіркелгенін айтқан. Әйелдің бұған дейін белгісіз адамға растау кодын бергенін білген "банк қызметкері" ақшаны шұғыл түрде "қауіпсіз шотқа" аудару қажеттігін жеткізген.

Алаяқтарға сенген азаматша көрсетілген деректемелерге 600 мың теңгеден астам қаражат аударып жіберген. Қазіргі уақытта полицейлер ақша аударылған шотты анықтады. Тағы бір алаяқтық дерегі елорданың 18 жастағы тұрғынымен болған. Ол сүйіктісіне арзан бағада гүл шоғын сатып алмақ болып, интернет-платформалардың бірінен хабарландыру тапқан.

"Тапсырысты" рәсімдеп, сатушыға алдын ала ақша аударғаннан кейін, сатушы байланысқа шықпай қойған. Аталған дерек те полицияда тіркелді.

Полиция азаматтарға келесі сақтық шараларын ұстануды ескертеді:

  • үшінші тұлғаларға ешқашан растау кодтарын айтпаңыз;
  • күмәнді қоңыраулар болған жағдайда сөйлесуді бірден тоқтатып, банкке тек ресми нөмір арқылы өзіңіз қайта хабарласыңыз;
  • интернет арқылы тапсырыс жасағанда сенімсіз сатушыларға алдын ала ақша аудармаңыз және олардың сенімділігіне көз жеткізіңіз.

Полиция азаматтарды қырағы болуға және алаяқтардың айласына түспеуге шақырады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!