Астанада аэротаксидің демонстрациялық ұшуы көрсетілді

11:17, 24 шілде 2026
MKZ: 1557769

© Сурет: Zakon.kz\Екатерина Елисеева

2026 жылғы 24 шілдеде Астанада электрлі аэротаксидің автономды ұшу мүмкіндігі көрсетілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Демонстрациялық ұшу барысында ұшқышсыз ұшу аппараты тік ұшып көтеріліп, тік қонуды, көлденең ұшуды және сынақ аймағын айналып ұшуды орындап, жалпы ұзындығы 24 шақырым бағытты еңсерді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, сынақтың мақсаты навигация дәлдігін, ұшу тұрақтылығын, басқару жүйесінің жұмысын және толық автоматтандырылған режимнің мүмкіндіктерін көрсету болды. Сонымен қатар компания өкілдері коммерциялық рейстерде әуе кемесін ұшқыш басқаратынын, ал әрбір ұшу алдында техника толық тексеруден өтетінін атап өтті.

Alatau Advanced Air Group (AAAG) жобасының менеджері Данияр Өтеулин аэротаксидің ірі қалалардағы жол жүру уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік беретінін айтты.

"Қазір алғашқы вертипорт Дубайда жарияланды. АҚШ-та да бірнеше вертипорт салынатыны белгілі болды. Мысалы, Нью-Йорктегі Кеннеди әуежайынан Манхэттендегі 34-көшеге дейін көлікпен жету кептеліске байланысты бір сағаттан бір жарым сағатқа дейін созылады. Ал сертификаттаудан кейін тікұшақтың орнын басатын электрлі аэротакси бұл қашықтықты небәрі 8 минут 30 секундта еңсереді", – деді ол.

Оның сөзінше, дәл осындай тиімділік Алматыда да байқалады. Таңертеңгі қарбалас уақытта әуежайдан қала орталығына дейін жету шамамен бір сағатты алса, аэротакси жолаушыларды 10 минутқа жетпейтін уақытта жеткізе алады.

Еске салайық, 2026 жылғы 19 мамырда Алматы облысында тік ұшып көтеріліп, тік қона алатын eVTOL электрлі ұшу аппаратының, яғни аэротаксидің алғашқы демонстрациялық ұшуы өткен болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!