Астана медицина университетіне академик Төрегелді Шармановтың есімі беріледі – Қасым-Жомарт Тоқаев

13:06, 18 маусым 2026

© Фото: zakon.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салалық жоғары оқу орындарына көрнекті медицина қайраткерлерінің есімін беру жөніндегі бастаманы құптайтынын мәлімдеді. Президент бұл шешімнің тарихи және символдық мәні зор екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздегі жетекші медициналық оқу орындарының бірі – "Астана медицина университеті" қазіргі таңда цифрлық денсаулық сақтау мен биомедицина бағыттарын табысты дамытып келеді.

"Маңдайалды отандық жоғары мектептердің бірі ретінде танылған "Астана медицина университеті" цифрлық денсаулық сақтау мен биомедицинаны табысты дамытып келеді. Үкімет аталған оқу орнының айқын жетістіктерін ескеріп, ол ең жоғары – Ұлттық университет мәртебесін алуға әбден лайық деп санайды. Бұл ұсынысты қолдаймын", – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент оқу орнына көрнекті ғалым, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың есімін беру бастамасын қолдайтынын жеткізді.

"Сонымен қатар астаналық университетке көрнекті ғалым, отандық тағамтану ғылымы мен профилактикалық медицинаның негізін салушы, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың есімін беру орынды болар еді. Мұның символдық мәні де зор", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Қарағанды медициналық университетіне қатысты ұсынысқа да қолдау білдірді.

"Қарағанды медициналық университетіне осы оқу орнының негізін қалаған әрі оны ұзақ жылдар бойы басқарған Петр Моисеевич Поспеловтің атын беру туралы Үкімет пен медициналық қоғамдастықтың бастамасын қолдаймын", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешімнің тарихи әділеттілік екенін атап өтті.

"Белгілі Қарағанды медицина мектебінің бастауында тұрған әйгілі тұлғаның 125 жылдығы қарсаңында мұндай шешімнің қабылдануы – тарихи әділеттілік", – деді Мемлекет басшысы.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!